Былтыр Қазақстанда қажетінше пайдалы және салауатты азық-түлік сатып ала алмайтын кедейлер көбейді. Соңғы жылдары бірінші рет халықтың аз қамтылған санаттары арасында тойып тамақтанбаудың таралуы бірден бірнеше пайыздық тармаққа – 6,7%-дан 8,4%-ға дейін өсті. Көрсеткіштерге кедейлердің қаладағы өмірі үлкен әсер етті. Ірі елді мекендерде бұл көрсеткіш жоғары (10,4%), ауылдарда төмен (5,1%) болды. 2017 жылмен салыстырғанда тойып тамақтанбайтын кедейлердің үлесі 3,6%-дан 8,4%-ға өсті.
Тойып тамақтанбаудың таралуы үй шаруашылықтарын іріктеу зерттеулерінің нәтижелері бойынша анықталады. Яғни, деректер респонденттердің өз бағасына негізделген. Отбасылардағы осындай сауалнамалар кезінде ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының (ҰСБ) мамандары отбасы айына қандай өнім түрлерін және қандай мөлшерде тұтынатынын егжей-тегжейлі сұрайды. Жиналған деректер әрбір әлеуметтік топ бойынша есептеледі.
Осындай сауалнамалардың нәтижелері бойынша, 2022 жылы 10 санаттың 8-де ең кедей халықтың 10% тобында тұтынылатын азық-түлік мөлшерінің төмендеуі байқалды. Халықтың ең осал бөлігі етті 5,5%, сүт өнімдерін 8,2%, сары майды 6,8%, тәттіні 9,2% аз жей бастады. Тұтынудың өсуі тек балық пен картопта байқалды.
Жылдық тұтыну деректері аз қамтылған қазақстандықтардың күніне қанша тамақ жейтінін есептеуге мүмкіндік береді. Былтыр аз қамтылғандардың күнделікті рационында тек 117 гр ет, 330 гр сүт және сүт өнімдері, 200 гр-ға жуық көкөніс пен картоп, 70 гр тәтті ғана болған. Бұл ең аз қамтылған отбасылардың 10%-ы үшін орташа дерек екенін есте ұстайық. Тойып тамақтанбайтын табысы аз адамдардың 8,4%-ы қанша тамақтанатыны туралы деректер жалпыға қолжетімді емес.
Халықтың өмір сүру сапасын бағалай отырып, сауалнама барысында ҚР СЖРА ҰСБ мамандары жалпы қаржылық жағдайға да, азық-түлік қауіпсіздігіне де қатысты бірнеше сұрақ қояды. 2023 жылғы сауалнаманың нәтижелері көрсеткендей, соңғы 12 айда респонденттердің 6,6%-ы ет немесе балық қосылған ыстық тамақты немесе оған теңестірілген вегетариандық тағамдарды кем дегенде екі күнде бір рет жей алмады. Былтыр мұндай адамдар одан да көп болды: 7,9%.
Респонденттердің жауаптарына қарағанда, елде тамақтанбаған немесе аштықтан зардап шеккендердің үлесі өте аз. Барлық респонденттердің 3,6%-ы ақшаның жоқтығынан пайдалы және құнарлы тағам жей алмайтындарын айтты. Дәл сол себепті респонденттердің 4,7%-ы тағамның кей түрін ғана жеген, ал 2%-ы мүлде тамақтанбаған. Респонденттердің тағы 1,5%-ы азық-түлік сатып алуға ақшаның жоқтығынан ашықса, тағы 1,4%-ы бір күн бойы тамақтанбаған.
Ресми түрде Қазақстанда кедейлік деңгейі 2022 жылы 5,2%-ға жетсе, биыл екінші тоқсанда 5,1%-ға дейін төмендеді. Егер абсолютті көрсеткіштерді қарастыратын болсақ, 2018 жылдан бастап күнкөріс деңгейінен (КД) төмен табыспен өмір сүретін үй шаруашылықтарының саны азайған жоқ, керісінше өсті: 2023 жылдың екінші тоқсанында 135,2 мыңнан 177,8 мың отбасыға дейін (31,5% көбейген). Естеріңізге сала кетейік, ай сайынғы КД 40,6 мың теңге.
Сондай-ақ азық-түлік себетінің құнынан төмен (бұл ең төменгі күнкөріс деңгейінің 55%-ы) табыспен өмір сүретін үй шаруашылықтары айтарлықтай көп. КД көрсеткіші жыл сайын өсетіндіктен, ең төменгі азық-түлік жиынтығының құны да өзгереді. Мысалы, 2023 жылы азық-түлік себетінің құны 22,3 мың теңгені құрады. Статистика мамандарының мәліметінше, биыл сәуір-маусымда Қазақстанда 9,4 мың отбасы осындай аз ғана сомаға өмір сүрген. Былтыр мұндай өте кедей үй шаруашылықтары үш есеге дерлік аз болды: 3,3 мың отбасы.