Қазақстанда картоп бағасының өсуі тіркелді. Қарашаның алғашқы екі аптасында баға 2,2%, соңғы аптада – 0,2% өскен. Ел бойынша картоптың орташа бағасы килограмына 188 теңгені құрайды. Бұл туралы Үкіметте өткен инфляцияны тұрақтандыру жөніндегі кеңестің қорытындысында хабарланды.

Сауда және интеграция вице-министрі Айжан Бижанованың айтуынша, кейінгі 4–5 аптада баға 4,5% өскен.

«Екі ай ішінде картоп экспорты 300 мың тоннаны құрады, ал жақын уақытқа арналған экспорттық келісімшарттардың жалпы көлемі – шамамен 200 мың тонна. Осылайша, біз елдің азық-түлік қауіпсіздігі үшін тиімді 500 мың тонна жоспарлы шекке жақындап келеміз», – деді ол.

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Сауда және интеграция министрлігіне картоп қорының қамтамасыз етілуі мәселесін Сыртқы саясат және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның қарауына шығаруды тапсырды.

Бұдан бөлек, қарашаның екі аптасында тауық жұмыртқасы мен құс еті бағасының да 0,4% шамасында сәл қымбаттауы байқалды. Бұл, негізінен, жем мен импорттық құрамдас бөліктердің қымбаттауына байланысты.

Айжан Бижанова күнбағыс майы өндірушілері құс фабрикаларына жем өндірісі үшін қажетті арзандатылған май көлемін жеткізгенін хабарлады. Бағаны тұрақтандыру үшін сондай-ақ арзандатылған астық қажет.

Серік Жұманғарин қысқа мерзім ішінде құс фабрикаларын резервтен алынған жемдік астықпен қамтуды және ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінде қолжетімді құс еті көлемін ұлғайтуды тапсырды. Қарашаның екі аптасында қарақұмық жармасының бағасы 1,3% өскенін ескере отырып, өнімнің қосымша көлемін тікелей сатып алу арқылы тұрақтандыру қорларына жеткізу жүктелді.

«Коммуналдық қызметтер тарифтері өспейді. Бүгінде инфляцияға әсер етіп отырған және мемлекеттік шаралармен тұрақтандыруға болатын жалғыз фактор – бұл азық-түлік тауарлары. Әңгіме тек әлеуметтік маңызы бар өнімдер туралы ғана емес, азық-түлік себетіне кіретін және қазіргі уақытта мемлекеттік реттеуге жатпайтын барлық тауар желісі туралы болып отыр. Сауда және интеграция министрлігі азық-түлік себетін талдап, олардың бағасын тұрақтандыру бойынша шаралар әзірлеуі қажет», – деді Серік Жұманғарин.

Сондай-ақ ол тауарлардың толық қадағалануын қамтамасыз етуді – артық делдалдарды жоюды, бақылау мен құжаттарды тексеруді күшейтуді тапсырды. Үкіметтің пікірінше, бұл нарықтың ашықтығын арттырады және шығындарды азайтады, бұл өз кезегінде бағаларды қолжетімді деңгейде ұстап тұруға көмектеседі.

Қарашаның алғашқы екі аптасында Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының өсімі 0,1% болды. Сәбіз (-1,7%), қырыққабат (-1,8%), пияздың (-0,4%) бағасы сәл түсті.

Айта кетсек, қыркүйектің ортасында жаңа өнімнің алғашқы картоптары жиналып жатқанда фермерлер биылғы маусымда өнімнің өзіндік құнын жапқызып, аз да болса рентабельділікті қамтамасыз ететін баға – 120 теңге, бірақ шаруалар үшін қолайлы деңгей — 150 теңге екенін айтқан еді.

Қазақстанда биылғы картоп маусымы шаруалардың үмітін ақтамады. Жыл басында бағасы 500 теңгеден асқан картоп қыркүйектің басында тоннасына 110–120 мың теңгеге дейін түсіп кетті