Қазақстанда жасалған әрбір үшінші автокөлік шетелге экспортталады

Автокөлік құрастыру саласында отандық компоненттерді өндіру есебінен жергілікті қамту үлесі 50% жетеді.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов 2025 жылға қарай өңдеуші өнеркәсіп өсімін 1,5 есеге арттыру мақсаты туралы айтты.

«Биылғы 10 айдың қорытындысында еліміздің өңдеу өнеркәсібінде тұрақты өсім сақталды. Нақты көлем индексі 5,3% артып, 13,4 трлн теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен артық. Іс жүзінде саланың барлық секторында оң динамика байқалады», — деді Б. Атамқұлов. 

Өңірлер 2021 жылы Индустрияландыру картасы аясында жалпы сомасы 1,3 трлн теңге болатын 139 жобаны іске қосып, 12,7 мың жаңа тұрақты жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр. 

Қараша айындағы жағдай бойынша жалпы сомасы 1 трлн теңге болатын 83 жоба пайдалануға беріліп, 9 мыңдай тұрақты жұмыс орны ашылды. Пайдалануға берілген жобалар: 

Қарағанды облысындағы кен байыту фабрикасы, жаңа полиметалл фабрикасы қорғасын-мырыш кенін өндіру көлемін 2,5 есеге арттырады; 

Қызылорда облысында желтоқсан айында табақ шыны өндіретін зауытын техникалық іске қосу жоспарлануда. Өнімділігі – жылына 197,1 мың тонна шыны. 226 жаңа жұмыс орны ашылады; 

Шығыс Қазақстан облысындағы Ақтоғай тау-кен байыту комбинатын кеңейту жобасы іске қосылды. Ол сульфидті кенді қайта өңдеу қуатын 2 есеге арттырып, жылына 50 млн тоннаға жеткізеді, мыс өндірісін жылына 190 мың тоннаға дейін қамтамасыз етеді. 

Қарағанды облысында Сарыарқа ферроқорытпа зауыты іске асырыла бастады; 

Қостанай қаласында оқшаулау орталығында электротехникалық жабдықтар мен ауылшаруашылығы, автомобиль техникасына арналған компоненттер өндіретін тағы 2 жоба пайдалануға берілді. 

Министрлік 2025 жылға дейін 13,3 трлн теңгеден астам сомаға өңдеу өнеркәсібінің 490 жобасын іске қосып, 102,5 мың тұрақты жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр. 

Жобалардың ең көбі: құрылыс индустриясында – 198, тау-кен металлургия кешенінде – 119, машина жасауда – 72. 

Тау-кен металлургия кешенінде Қарағанды және Павлодар облыстарында жалпы инвестиция көлемі 166 млрд теңгеден асатын ферроқорытпа және жартылай кокс өндірісі бойынша жобаларды іске асырып, 3 800 жұмыс орнын ашу жоспарлануда. 

Ақмола облысында инвестиция көлемі 105 млрд теңге болатын «RG Gold» ЖШС алтын өндіру фабрикасы іске асырылуда. Ең жоғарғы өңдеу қуаты жылына 5 млн тонна кенді құрайды. 

Химия өнеркәсібінде бірқатар негізгі жобалардан ҚР ИИДМ басшысы келесілерді атап өтті: 

Жамбыл облысында кальцийленген сода өндіру жобасы. Толық қуатына шыққанда жылына 500 мың тонна өнім шығарылады. Бұл ішкі нарықтың қажеттілігін толығымен өтеп, экспортқа шығаруға мүмкіндік береді. 

Қуаты жылына 1 млн тонна минералдық тыңайтқыштар мен индустриялық өнімдер шығаратын жоба. Бұл өндіріс азық-түлік қауіпсіздігін арттырып, елдің экспорттық әлеуетін ұлғайтады.  

Қостанай және Қарағанды облыстарында экспортқа бағдарланған 3 жоба іске асырылуда. Олар - жүк автомобильдеріне арналған жетекші көпірлердің басты берілісін және шойын құймасын өндіретін бірлескен кәсіпорны және шиналар өндіретін жоба. 

Павлодар облысында қуаты жылына 100 мың дана локомотив бандаждарын және 50 мың дана соғылған бұйымдар шығаратын ұста-бандаж кешені. 

Құрылыс индустриясында керамикалық плиткалар өндіретін, қуаты жылына 6 млн шаршы метр болатын және қуаты жылына 3 млн шаршы метрге жететін зауыттарды іске қосу жоспарланып отыр. 

Фармацевтика саласында Нұр-Сұлтан қаласында дайын дәрілік заттар, Алматы қаласында сұйық дәрілік заттар өндірісі іске қосылады.  

Жеңіл өнеркәсіпте – Шымкент қаласында «Альянс» сауда-өнеркәсіп компаниясының иіру-тоқу фабрикасы және жіп иіру фабрикасы іске қосылады. Сондай-ақ шұлық-ұйық бұйымдары өндірісі кеңейтіліп, қуаты жылына 2 млн бұйымға жеткізіледі. 

Өңдеу өнеркәсібін дамыту бойынша қойылған міндеттер жалпы сомасы $3 млрд болатын 50-ден астам өнімге елдің орташа жылдық қажеттілігін өтейді. 

«Керамикалық плиткаларға, жылу оқшаулағыш материалдарға, алюминий радиаторларына, ламинатталған ағаш-жоңқа тақтасына, минералдық тыңайтқыштарға, кокс пен жартылай коксқа ішкі қажеттілік 100% өтеледі. Санфаянсқа қажеттілік 75% жабылады», — деді Бейбіт Атамқұлов. 

2025 жылға қарай шикізат емес экспортты 1,5 есеге арттыру міндеті қойылды. Оған жету үшін өнімдері әлемнің 60-тан астам еліне экспортталатын 180 жобаны іске қосу жоспарланған. Осылайша, Қазақстан ферроқорытпалардың екінші экспорттаушысы болады. 

Қазақстандық өндірістің әрбір 3 автомобилі экспортқа бағдарланады. Бұл ретте отандық компоненттерді өндіру есебінен жергілікті қамту үлесі 50% жетеді. Жаңа өндірістерде 164 орта және 121 жоғарғы қайта бөлу өнімдерін шығару жоспарлануда. 

2025 жылға дейін жоғарғы қайта бөлу өнімін өндіру көлемі 2,7 трлн теңгеге жетеді. Бұл қазіргі өндірісті 2 есеге арттырады. 

Экспорт көлемі 65,3% өсіп, $1,6 млрд жетеді. Орта технологиялық өнім шығару көлемі 2,1 трлн теңге, экспорт $2 млрд құрады. Бұл өндірісті 12,5% және экспортты 14,3% арттыруға мүмкіндік береді. Бұл Қазақстанда иммундық препараттар мен дәрілік заттар, санфаянс, автокомпоненттер, тұрмыстық техника, теміржол машинасын жасау өнімдері, лак-бояу бұйымдары, құрылыс материалдары минералдық тыңайтқыштар өндірісін жолға қояды.  

Жалпы алғанда, 2025 жылы жаңа жобаларды іске асыру және жаңадан шаралар қабылдау арқылы: өңдеу өнеркәсібінің жылдық көлемі 19,7 трлн теңгеге; өңдеу өнеркәсібінде негізгі капиталға салынатын инвестиция 3,5 трлн теңгеге; шикізат емес тауарлар экспорты  $21,8 млрд жеткізіледі; технологиялық жағынан күрделі тауарлар өндірісін және экспортты арттыру есебінен Қазақстан экономикалық күрделіліктің әлемдік индексінде 69 орынға көтеріледі.