Әлемде ислам дінін ұстанатын 1,8 млрд адам бар. Ал 2050 жылға дейін олардың қатары 2,8 млрд-қа жетпек.
Соңғы жылдары дамыған және дамушы елдер исламдық қаржыландыру жүйесін енгізуге белсене кіріскен. Өйткені оларды исламдық банкингтің кейбір ерекшеліктері мен артықшылықтары қызықтырады. Қазір әлемде жұмыс істейтін банктер саны 21 мыңнан асатын болса, олардың ішінде 316-сы – ислам банктері. Ал соңғы үш жылда исламдық қаржыландыру көлемі 15% ұлғайып, 2,8 трлн долларға жеткен.
Исламдық банкинг деген не?
Сонымен, ислам банкингі дегеніміз не? Қызмет көрсету негіздері қандай? Ислам қаржы жүйесінің басты қағидасы – пайыздың болмауында, ысырапқа жол берілмеуінде. Шариғатқа негiзделген жүйе iшiмдiк, темекi, есiрткi, қару-жарақ сияқты адамзатқа зиян тигiзетiн өнiмдердi қаржыландыруға қарсы.
Ислам коммерциялық құрылымы дамуының озық үлгісін көрсетіп отырған мемлекеттер қатарында Ұлыбритания мен Түркия бар. Бұл ретте Түркиядағы ислам банктерінің кредиттік портфелінің 60%-тан астамы – бизнеске, яғни ел экономикасының дамуына жұмсалған несиелер. Түркияда барлығы 54 банк тіркелген. Оның 6-ы – цифрландыру мен жасанды интеллект, клиенттерге кез келген банк операциясы бойынша көмек көрсететін виртуалды қосымшаларды енгізген ислам банктері.
Қазақстандағы исламдық банкингтің қарқыны қандай?
Қазақстан – осыдан 14 жыл бұрын ТМД мен Орта Азия елдерi арасында алғашқы болып Ислам қаржы жүйесiн дамытуды қолға алған еді. Бүгінде елімізде аталған бағытта қызмет көрсететін екі ұйым бар: «Al Hilal» «Ислам банкі» АҚ және «Заман-Банк» «ИБ» АҚ. Олардың жиынтық активтері банк секторының небары 0,2%-ын алып отыр. Ал тұтынушылары – негізінен корпоративті клиенттер. Бұдан өзге, мемлекетімізде «Қазақстандық Иджара компаниясы» АҚ және «Аль Сакр Финанс» АҚ лизингтік компаниялары жұмыс істейді.
Jusan Analytics Қазақстанда ислам банкингін дамыту бойынша нарық әлеуетін зерттеген болатын. Сол деректерге сай, елімізде 13,3 млн мұсылман бар. Оның негізі оңтүстік аймақта өмір сүреді. Ал соның 1,6 млн-ы діннің талаптарын орындайтын, бес уақыт намазын үзбейтін мұсылмандар.
Jusan Analytics зерттеу орталығының басқарушы директоры Әнуар Қуандықовтың айтуынша, жоғарыда келтірген деректерді ескерсек, Қазақстанда исламдық қаржыландыруды толыққанды дамытуға әлеует жетерлік.
«Исламдық қаржыландыру – әлемде айтарлықтай дамып жатқан сала. Сол себепті бұл бағытқа зор көңіл бөліп отырмыз. Негізі Қазақстанда шариғатқа негізделген коммерциялық құрылымдардың даму келешектері көп. Біріншіден, мұсылман халқының санын алайық. Екіншіден, мемлекет тарапынан айтарлықтай жағдай жасалып жатыр», – дейді Jusan Analytics зерттеу орталығының басқарушы директоры Әнуар Қуандықов.
Сарапшы Қазақстанда Ислам банкингінің толыққанды дамымауының бірнеше себебіне де тоқталды. Соның бірі – депозиттерге кепілдік беру механизмінің жоқтығы. Өзгесі – Қазақстанда ислам қаржыларына сәйкес келетін бағалы қағаздардың тапшылығы. Бұған қоса, бәсекелестік, экожүйе мен инфрақұрылым жағдайы жасалмаған.
Ал исламдық қаржыландырудың тұтас экономикамызға берер пайдасы қандай? Дүниежүзілік дағдарыс кезінде исламдық қаржыландыру өзінің тұрақтылығы мен әлеуметтік өміршеңдігін көрсетті. Өйткені ол экономиканың нақты секторын тікелей инвестициялауға мүдделі және басқа қаржылық секторлармен тікелей бәсекелес емес.