«Транстелеком» компаниясы Қазақстанда Starlink компаниясына 5 базалық станция салады, деп хабарлайды компанияның баспасөз қызметі.
Станциялар Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау, Орал және Қызылорда қалаларында орналаспақ. Пилоттық жобаны іске асыру елдің алыс ауылдарын интернетпен қамтуға ықпал етеді. Транстелекомның бұл жоспары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа таныстырылды.
«Біз Starlink компаниясының техникалық мүмкіндіктерін қарадық. Америкалық компания біздің талшықты-оптикалық байланыс жолағының магистральді желісі мен компаниямыздың мәліметтерді өңдеу орталығының мүмкіндіктерін қарады. АҚШ-тағы әріптестеріміз Starlink компаниясна станция салуға жарайтынын айтты», деді компания басқарма төрағасының орынбасары Ерлан Минавар.
Қазіргі таңда Транстелекомның талшықты-оптикалық байланыс жолағының магистральді желісінің ұзындығы 24 мың км. Интернет желісіне 18 000 үй шаруашылығы мен 1200 мемлекеттік мекеме қослыған. Бұл жалпы саны 65 мың абонент. Қазақстанның 9 қаласында 10 мәліметтерді өңдеу орталығы бар. Олардың сенімділік деңгейі TIER III. Орталыққа жеке инвестиция көлемі 66 млрд теңгені құрады.