2021 жылғы 10 қарашада телекөпір форматында Өскемендегі Үлбі металлургия зауытының аумағында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған жаңа «Үлбі-ЖБҚ» зауытының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға «Самұрық-Қазына» АҚ, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, «ҮМЗ» АҚ, Қытайдың Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің, China General Nuclear (CGN), Framatome және Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің басшылары қатысты.
«Атом саласын дамыту Қор үшін стратегиялық басымдыққа ие. Еліміз қосылған құны жоғары және жоғары бөлістегі уран өнімін өндіру мен өткізуге мүдделі. Қазатомөнеркәсіптің шетелдік әріптестермен бұл жобаны табысты іске асыруы АЭС-ке арналған ядролық отынды жеткізуші мемлекеттердің шектеулі шеңберіне кіруді қамтамасыз етті», - деп атап өтті өз сөзінде «Самұрық-Қазына» АҚ-ның Басқарма Төрағасы Алмасадам Сәтқалиев.
«Үлбі-ЖБҚ» ЖШС – Қазақстан-Қытай бірлескен кәсіпорны, құрылтайшылары – 51% үлесі бар «ҮМЗ» АҚ («Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның еншілес компаниясы) және 49% үлесі бар CGNPC-URC (China General Nuclear Power Corporation еншілес компаниясы).
Зауыт құрылысына Қытай, Франция және АҚШ өндірген жоғары технологиялық жабдық пайдаланылды. Зауытта жылу бөлетін құрастырмалар (ЖБҚ) – ядролық реакторда жылу энергиясын алуға арналған инженерлік құрылымдар шығарылатын болады.
«Инновациялық өндірістің ашылуы Қазақстанның әлемдегі атом станцияларына арналған ядролық отын өндіруші және жеткізуші мемлекеттердің шектеулі тобы қатарына кіруге мүмкіндік береді. Жоба атом өнеркәсібіндегі әлемнің жетекші компанияларының табысты әрі көп жақты кооперациясының жақсы үлгісі болып табылады. Ғылымды қажетсінетін өндірісті ұйымдастыру біздің еліміз үшін атом саласындағы басқа мемлекеттермен ынтымақтастықты одан әрі дамыту бойынша жаңа мүмкіндіктер ашады», - деді «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқарма төрағасы Мәжит Шәріпов.
Өндіріс үшін жылу бөлетін құрамаларды дайындаудағы әлемдік көшбасшылардың бірі – француздық Framatome компаниясының озық технологиясы таңдалды.
Бір ЖБҚ құрамында 264 ЖБЭл (жылу бөлетін элемент) бар. ЖБЭлдер – ұзын металл шыбықтар, олардың қуысына «ҮМЗ» АҚ шығаратын отын таблеткалары орналастырылады. Осылайша, жаңа зауыт өз қызметімен қатар Үлбі металлургия зауытының қуатын қосымша «жүктеуге» де мүмкіндік береді.
«Үлбі-ЖБҚ» ЖШС Framatome компаниясының сертификатын алды, ол зауыт жылына 200 тонна уран көлемінде AFA 3GTM дизайнындағы ЖБҚ дайындай алатынын растайды. Сондай-ақ ЖБҚ сатып алушы CGNPC-URC компаниясының барлық талаптары орындалып, ҚХР үшін сертификатталған өнім жеткізіп беруші мәртебесі алынды.
«Үлбі металлургия зауыты» АҚ-ның Басқарма төрағасы Сергей Бежецкий атап өткендей: «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның шетелдік серіктестермен ынтымақтастығының арқасында Қазақстан қызметтердің интеграцияланған пакетін жеткізуші болып отыр. Жалпы, жобаны іске асырудың сала үшін де, еліміз үшін де экономикалық және әлеуметтік пайдасы зор».
CGN компаниясы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-мен уран өндіру, табиғи уранды сату және таблетка өндіру саласында 2006 жылдан бері ынтымақтастықта жұмыс істеп келеді. «Үлбі-ЖБҚ» ЖШС зауытының құрылысы бойынша бірлескен жобаны іске асыру серіктестікті тарихи жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді.