Қазақстанның Азаматтық авиация комитеті тамыздың 25-і мен қыркүйектің 5-і аралығында жалпы мақсаттағы авиация эксплуатанттарына жоспардан тыс тексеру жүргізді. Барлығы 31 әуе кемесі қаралды. Нәтижесінде жеті ұшақтың жұмысы анықталған заңбұзушылықтар жойылғанға дейін тоқтатылды, деп хабарлады комитеттің баспасөз қызметі.
Ведомствоның мәліметінше, соңғы уақытта әлеуметтік желілерде (Instagram, TikTok, Telegram) «эксклюзивті», «обзорлық», «экскурсиялық» секілді жеке рейстердің жарнамасы көбейген. Алайда олардың басым бөлігі арнайы рұқсатсыз жұмыс істеп келген.
«Заңға сәйкес, жалпы мақсаттағы авиация эксплуатанттарына жолаушыларды ақылы тасымалдау немесе жалға қызмет көрсетуге тыйым салынады. Мұндай талапты бұзғандар заң бойынша жауапқа тартылады», – делінген хабарламада.
Азаматтық авиация әкімшілігі азаматтардың шағымдары мен әлеуметтік желідегі жарияланымдар негізінде бақылауды күшейткенін хабарлады.