ҚР көлік министрі Марат Қарабаев Үкімет отырысында Қазақстанның көлік транзиттік дәліздерін дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Ол қазіргі уақытта ТХКБ және «Солтүстік–Оңтүстік» транзиттік дәліздерінің өткізу мүмкіндігін арттыру бойынша жұмыс белсенді жүргізіліп жатқанын атап өтті.
«Әлемдегі дәстүрлі қалыптасқан логистикалық бағыттардың өзгеруіне байланысты Солтүстік–Оңтүстік дәлізінің маңызы күннен күнге артып келеді. Оның өткізу мүмкіндігі жылына 10 млн тонна. Нақты тасымалданған жүк көлемі биыл 1,8 млн тоннаны құрады. Дәліздің әлеуетін ескере отырып, оның өткізу мүмкіндігін 20 млн тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз», — деді Марат Қарабаев.
Ол үшін, министр атап өткендей, ағымдағы жылдың шілде айында дәлізді Иран, Түрікменстан және Ресеймен синхронды дамыту жөніндегі Жол картасына қол қойылды. Осы дәліз бойынша жүк ағынын тарту мақсатында Қазақстан транзиттік тасымалдарға 50% мөлшерінде арнайы тарифтік жеңілдіктер ұсынды. Одан басқа, Солтүстік–Оңтүстік дәлізінің шығыс бағытында Біріккен көлік-логистикалық компаниясының (БКЛК) үлгісі бойынша Біріңғай логистикалық оператор құру жұмыс жүргізіліп жатыр. қазіргі сәтте Қазақстан мен Ресей тарапы бірлескен кәсіпорын құру үшін дайындық жұмыстарын аяқтады. Түрікмен тарапынан осы жобаға қатысу мәселесі бойынша шешім күтілуде.
Биылғы 10 айда ТХКБ дәлізі бойынша тасымалдау көлемі 68% өсіп, 3,8 млн тоннаны құрағаны атап өтілді.