«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов Гонконгта Hong Kong Exchanges and Clearing (HKEX) бас директоры Бонни Й Чанмен келіссөз өткізді, деп хабарлайды қордың баспасөз қызметі.
Кездесуде Гонконг қор биржасы «Қазақстан Темір Жолы» компаниясының ықтимал IPO-сын өткізуге арналған халықаралық алаңдардың бірі ретінде қарастырылатыны айтылды.
Тараптар аталған шараның ықтимал параметрлерін, оның ішінде мәміле құрылымы мен реттеуші талаптарды талқылады.
Сондай-ақ, Қытай мен Еуропа арасындағы негізгі сауда бағыттарының тоғысында орналасқан Қазақстанның Еуразия өңіріндегі транзиттік әрі экономикалық хаб ретіндегі маңызы аталды.
HKEX – әлемдегі ірі биржалық топтардың бірі және капитал тартуға арналған жетекші халықаралық алаң.
2025 жылдың қорытындысы бойынша биржа IPO көлемі бойынша әлемде бірінші орын алды және Азиядағы негізгі қаржы хабы және жаһандық капитал нарықтарының басты орталықтарының бірі ретінде өз мәртебесін растады.