ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тоғыз басым сектор бойынша кәсіптер атласын дайындады.
Жұмыс берушілер IT мамандары, түрлі саладағы инженерлер, анестезиологтар мен нейрохирургтер қажет екенін айтады. Бұл туралы үкімет отырысында ведомство басшысы Тамара Дүйсенова айтты.
Оның айтуынша, Еңбек министрлігі кәсіптер атласының алғашқы жобасын мемлекеттік органдарға жіберіп қойған. Олар жұмыс берушілердің пікірін ескеріп, келер жылға сұранысқа ие мамандықтар бойынша жоба дайындайды.
«Мамандықтардың рейтингі болады және ол қажеттіліктерді ескере отырып, үнемі жаңартылып отырады», деді министр.
Бұған дейін Үкімет «Ашық Қазақстан 500+» 2023-2027 жылдарға арналған көші-қон саясатының тұжырымдамасын қабылдауға дауыс бергені хабарланған болатын. Құжат бағыттарының бірі елге жиі тартылатын және сонымен бірге Қазақстан үшін тапшы мамандықтар бойынша 100 үздік шетелдік маманды тарту болмақ. Олар үшін тұруға ықтиярхаты бар «Бағалы дағдылар визасы» енгізіледі және құнды дағдылардың (тапшы кәсіптер мен мамандықтар) тұрақты жаңартылатын рейтингі қалыптасады.
Сондай-ақ республика экономикасына 300 мың доллар инвестиция құйған бизнесмендер 10 жыл мерзімге Қазақстанда тұруға рұқсат ала алады.
Биылғы қаңтар-қыркүйек аралығында Қазақстандағы ең көп сұранысқа ие қызмет бағыттарына бөлшек сауда, сату және сатып алу, көлік, логистика, қоймалар мен барлар, мейрамханалар мен дәмханалар кірді.
Жұмыс берушілер арасында да, жұмыс іздеушілер арасында да ең көп сұранысқа ие болғандар жүргізушілер болды: жұмыс ұсынатындар арасында 19% және іздегендер арасында 21%. Жүргізушінің орташа жалақысы 175 мың теңге.
Танымалдығы бойынша екінші орында жүк тиеушілер, үшінші орында жұмысшылар, одан кейін даяшылар, күтушілер мен сатушылар.
Болашақтың басты мамандықтарына инженерлер, мұғалімдер, медицина қызметкерлері, көлік және көлік қызметкерлері, ауыл шаруашылығы саласының мамандары жатады. Бұл туралы бұған дейін ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеген болатын