2021 жылғы 2 қарашада ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Мәскеу қаласына жұмыс сапары аясында РФ Үкіметінің Төрағасы Михаил Мишустинмен келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Үкімет басшысының баспасөз қызметі.

Үкімет басшылары сауда-экономика, қаржы-инвестиция, транзиттік-көлік, ауыл шаруашылығы, мұнай-газ химиясы, энергетика, ғарыш салаларындағы Қазақстан-Ресей ынтымақтастығын одан әрі арттыру перспективаларын, сондай-ақ өнеркәсіптік кооперация аясындағы жобаларды талқылады.

Еуразиялық экономикалық одақ форматындағы өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері, сондай-ақ COVID-19 таралуына қарсы күрес және екі елдің экономикалары үшін пандемия салдарын жою жөніндегі бірлескен шаралар қаралды. А. Мамин екі елдің ұлттық экономикаларының белсенді қалпына келуі аясында Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда-экономикалық қатынастар мен инвестициялық ынтымақтастық дамуының жоғары қарқынын атап өтті.

Осы жылдың 8 айында елдер арасындағы тауар айналымы $14,7 млрд дейін 27%-ға өсті. 2021 жылдың қорытындысы бойынша тараптар бұл көрсеткішті $20 млрд дейін жеткізуге ниетті.

2021 жылдың бірінші жартысында РФ-ның ҚР экономикасына тікелей инвестицияларының көлемі 17%-ға артып, $704,9 млн құрады.

Қазақстанда Ресей капиталының қатысуымен 10 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді, бұл шетелдік қатысуы бар кәсіпорындардың жалпы санының 36,1%-ын құрайды.

Өнеркәсіптік кооперация саласында $1,7 млрд сомасына 8 бірлескен ірі жоба іске асырылып жатыр.

РФ Үкіметінің Үйлестіру орталығында А. Мамин мен М. Мишустин көлік инфрақұрылымының озық дамуы, екі елдің транзиттік әлеуетін және аймақтық өзара көлік байланысын нығайту, оның ішінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай», «Солтүстік – Оңтүстік» дәліздері және ЕАЭО кеңістігіндегі басқа да бағыттар шеңберінде нығайту мәселелерін талқылады.

Биылғы жылдың 9 айында Қазақстан мен Ресей арқылы Орталық Азия, Еуропа, Қиыр Шығыс бағыттарына 599,5 мың ЖФЭ тасымалданды, бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 37%-ға артық. Қытай – Еуропа – Қытай бағытындағы транзиттік контейнерлік тасымалдар көлемі 493,5 мың ЖФЭ (+38%) құрады.