Қазақстан – халықаралық инвесторлар үшін тартымды нарық. Алайда, капитал иелеріне тиісті ақпараттың жеткізілуі нашар болғандықтан, сала баяу даму үстінде. Бұл туралы Алматыдағы KASE алаңында өткен шарада Азияның дамушы елдерінде 25 жылдық тәжірибесі бар халықаралық капитал нарықтары жөніндегі сарапшы Рамон Педроса-Лопес айтты. Іс-шара оның «KZ Listed: Investor Relations and Kazakhstan’s Battle for Capital» атты кітабының тұсаукесеріне арналды.
Сарапшының сөзінше, Қазақстанда энергетика, тау-кен және қаржы секторларында ірі активтер бар. Елде жекешелендіру мен нарықтық инфрақұрылым жақсы да дамыған. Алайда, соған қарамастан, биржалық саудадағы шетелдік инвесторлардың үлесі 10%-дан аспайды.
Педросаның айтуынша, мәселе активтердің сапасына немесе геосаяси жағдайға байланысты емес.

«Жаһандық инвесторлар шешім қабылдағанда тек қаржылық көрсеткіштерге емес, сонымен бірге, компанияның қаншалықты ашық жұмыс істейтініне, ақпаратты қаншалықты түсінікті әрі жүйелі ұсынатынына да мән береді. Бұл ретте, Қазақстандағы кейбір компаниялардың парақшаларында мәліметтер дұрыс аударылмай, жеткілікті талданбайды. Тіпті, дивиденд саясаты сияқты маңызды ақпараттар көп жағдайда анық көрсетілмейді. Соның салдарынан инвесторлар қызығушылығы төмендейді», – дейді ол.
Осы орайда, сарапшы Польша мен Ирландияның тәжірибесін мысалға келтірді. Бұл елдерде биржа, компаниялар және нарыққа қатысушылар бірлесе жұмыс істеп, инвесторлар үшін ортақ түсінік пен бірыңғай стандарт қалыптастырған. Соның нәтижесінде сырттан келген қаржы салушыларға нарықты тану да, бағалау да жеңілдей түскен.
Сондай-ақ, автор «country equity story» ұғымына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, бұл елдің инвестициялық нарығын біртұтас әңгіме ретінде көрсету тәсілі. Яғни жекелеген компаниялар өз қызметін қалай таныстырса, мемлекет те өз нарығын сол сияқты жүйелі түрде түсіндіруі керек. Мұндай әдіс нарықты бағалауды жеңілдетіп, шешім қабылдауды оңайлатады.
Рамон Педроса-Лопестің пікірінше, Қазақстанның халықаралық капитал нарығындағы тартымдылығы тек экономикалық көрсеткіштерге емес, елдің өзін сыртқа қалай таныстыратынына да байланысты. Ақпарат ашық болып, байланыс жүйелі жолға қойылғанда ғана инвестициялық әлеует толық ашылады.