XXI ғасырдың басынан 2019 жылға дейін жаһандық парниктік газ (ПГ) шығарындылары негізінен CO2 шығарындыларының артуына байланысты, мысалы, Қытайда және басқа да дамушы және дамыған экономикаларда біртіндеп өсті. Нәтижесінде атмосферадағы парниктік газ концентрациясы айтарлықтай ккөбейіп, табиғи парниктік әсерді арттырды. Бұл жердегі тіршілікке теріс әсер етеді, деп хабарлайды finprom.kz. 

2020 жылы қазбалы отынның жаһандық CO2 шығарындылары 2019 жылмен салыстырғанда, негізінен, COVID-19 пандемиясына байланысты 5,3% төмендеді. Алайда, 2021 жылы бұл көрсеткіш шамамен 2019 жылғы деңгейге дейін төмендеп, 37,9 гигатоннаға жетті, 2019 жылмен салыстырғанда небәрі 0,36% аз, яғни өте аз үзілістен кейін CO2 шығарындыларынан әлем «коронадағдарысқа» дейінгі деңгейге қайта оралды.

БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясын ескере отырып, мемлекеттер шығарындылардың ұлттық тізімдемелерін жасайды, парниктік газ шығарындыларын азайту бойынша іс-шараларды ұсынады және жүзеге асырады. Жаһандық жылынудың негізгі себебі саналатын CO2 шығарындылары климаттың өзгеруін бәсеңдету жөніндегі келісімдерге қарамастан әлі де жаһандық деңгейде өсіп келеді.

2021 жылы Қытай, АҚШ, ЕО-ның 27 елі, Үндістан, Ресей және Жапония CO2 ең көп шығаратын елдер болып қала берді. Олар қазба отындарынан әлемдегі CO2-ның 67,8%-ын шығарады.

Осы елдер 2020 жылмен салыстырғанда 2021 жылы қазба отындарынан CO2 шығарындыларын арттырды, салыстырмалы түрде алғанда ең үлкен өсім Үндістан мен Ресейде (тиісінше 10,5% және 8,1%) болды.

Қазақстанға келетін болсақ, ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы жариялаған 2020 жылғы соңғы мәліметтерге сәйкес, елдегі жалпы парниктік газ шығарындылары 342,9 млн тоннаны құрады, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 4,7% аз. Ал 1990 жылдан бері көрсеткіш 11,1% төмендеген. Дегенмен, 2012-2018 жылдар аралығында парниктік газ шығарындылары 7 жыл бойы тұрақты өскенін айта кеткен жөн. Қазақстандағы жалпы парниктік газ шығарындыларына ең көп энергетика саласынан: 2020 жылы жалпы парниктік газ шығарындыларының 79,5%-ы осы салаға тиесілі болған. Екінші орында ауыл шаруашылығы саласы: 11,9%. Үшінші орында өнеркәсіптік процестер: 6,5%.

Энергетика секторындағы парниктік газ шығарындыларының жоғары деңгейі қазба отындарын кеңінен қолданумен байланысты, ол 2020 жылы бастапқы энергияның жалпы көлемінің 97,9%-ын құрады, ал баламалы энергия көздерінің үлесі небәрі 1,4%-ды құрады. Қазіргі уақытта Қазақстанда бастапқы энергия негізінен көмір, шикі мұнай және табиғи газ өндіруден алынады. Осы үш экономикалық қызмет қосылған құнның 13,2%-ын және жұмыспен қамтудың 3,2%-ын құрайды. Бірақ Қазақстанда өндірілетін шикі мұнайдың 79%-ы, табиғи газдың 89%-ы экспортталады. Парниктік газ шығарындылары отынды жағу секторларынан келеді, ал экспортталатын қазба отындар Қазақстаннан тыс жерде жағылады және парниктік газдар шығарындылары сол елдерде шығады. Жалпы, өндіріс кезінде метанның бөлінуіне және жану кезіндегі парниктік газдар шығарындыларына қарасақ, бастапқы энергия өндірісінде парниктік газ шығарындыларының ең үлкен үлесін көмір өндірісі құрайды. Сондықтан көмір өндіру мен жағуды қысқарту және одан әрі кезең-кезеңмен тоқтату Қазақстан экономикасын декарбонизациялаудың төте жолы.

Бүгінгі таңда Қазақстан парниктік газ шығарындыларын азайту саласындағы өз мақсаттарына қол жеткізуге белсенді түрде күш салып жатыр. 2016 жылы ҚР үкіметі парниктік газ шығарындыларын 15%-20% қысқарту туралы міндет алып, Париж келісіміне қол қойды, бұл кейінірек жергілікті заңнамаға да енгізілді. 2020 жылдың желтоқсанында Климаттың өзгеруінің өршіл сын-қатерлеріне арналған саммит барысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізудің өршіл мақсатын жариялады.

Кейбір әлеуметтік жауапты компаниялар ешқандай мәжбүрлеусіз осы салада өз бетімен жұмыс істеп жатқаны белгілі. Мәселен, еліміздегі ең ірі мұнай компанияларының бірі «Теңізшевройл» (ТШО) 2000 жылдан бері жалпы шығарындыларды азайту жобаларына 3 млрд АҚШ долларынан астам инвестиция салған. Ал қазір соның нақты нәтижелері бар: 2000 жылдан бері компания атмосфераны ластау қарқынын 65% төмендетті. Теңіз кен орнында өндірістік қызметті жақсартуға ықпал ететін инновациялық шешімдер тұрақты ізделеді.

ТШО қызметкерлерінің соңғы бастамаларының бірі мұржалардан шығатын көмірқышқыл газын, яғни зауыттың бу қазандықтары шығаратын шығарындыларын жылына шамамен 165 мың тоннаға азайтты.