Қазақстан 2026 жылдан бастап Германияға мұнай экспортын ұлғайтуды жоспарлап отыр. Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының баспасөз қызметі хабарлады.

Келісім ұзартылды

«ҚазМұнайГаз» басқарма төрағасы Асхат Хасенов Германиядағы Rosneft Deutschland GmbH компаниясының бас директоры Йоханес Бремермен кездесті. Тараптар қазақстандық мұнайды Германияға жеткізу тетіктерін талқылады және өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделілік білдірді.

Келіссөз қорытындысы бойынша Қазақстан мұнайының жеткізілуі туралы келісім 2026 жылдың соңына дейін ұзартылды. Құжатқа сәйкес, Қарашығанақ кен орнынан алынатын мұнай көлемі ай сайын 100 мың тоннадан 130 мың тоннаға дейін артады.

Мұнай көздері кеңейіп келеді

2024 жылы Германияға мұнай экспортына КМГ Kashagan B.V. ресурстары қосылған болатын. 2025 жылы Теңізшевройл өндірісінің де үлесі енгізілді. 2025 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша Германияның Шведт қаласындағы мұнай өңдеу зауытына Қазақстан шамамен 1,5 млн тонна мұнай жеткізген.

Геосаяси фактордың әсері

Бұл бағыттың маңызы — 2022 жылғы желтоқсанда Еуропалық Одақтың Ресей мұнайына енгізген эмбаргосынан кейін күшейді. Бұрын Германия ресейлік шикізатты тұтынатын, бірақ санкциялардан кейін баламалы көз ретінде Қазақстан мұнайына жүгінді.