Қазақстан мен ЕО елдері арасындағы тауар айналымы 2022 жылдың 6 айында $20,1 млрд құрады. Бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 51,2%-ға көп, деп хабарлайды Үкімет басшысының ресми сайты.
I тоқсанның қорытындысы бойынша жалпы шетелдік инвестициялардың елге келуі 54%-ға артып, $6,8 млрд құрады.
Бұл орайда тау-кен өндіру өнеркәсібіне капитал тарту деңгейі 35,7%-ға өсіп, $3,5 млрд құрады.
«Біз Еуроодақтың Қазақстанның тау-кен өнеркәсібіне қызығушылық танытып отырғанын көріп отырмыз. Осы саладағы ынтымақтастықтың әлеуеті зор. Осыған байланысты Еуропалық Одақ елдерінің геологиялық қызметтерін цифрландыру, геология ғылымын дамыту және салалық инфрақұрылым саласында серіктес болуға шақырамыз», — деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар Үкімет басшысы геологиялық барлау жұмыстарының дәстүрлі түрлерімен қатар, Қазақстанды геофизикалық зерттеулердің озық әдістері қызықтыратынын атап өтті.
«Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстанның Еуроодақ елдерімен экономикалық ынтымақтастықты кеңейту және нығайту жөніндегі ниетінің нақты екенін тағы да растағым келеді», — деді Әлихан Смайылов.