Қазақстан 2025 жылдың қорытындысы бойынша 14 167 тонна балмұздақ экспорттады, ал осы өнімнің импорты 12 194 тоннаны құрады. Осылайша, ел тарихында алғаш рет балмұздақ экспорты импорттан асып түсті. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, бұл көрсеткіш дайын өнім өндіретін отандық компаниялардың халықаралық нарықтағы позициясының нығайғанын көрсетеді.

«2005 жылы Қазақстан небәрі 12 тонна балмұздақ экспорттап, ал импорт көлемі 12 мың тоннадан асқан болатын. Қазір жағдай түбегейлі өзгерді: жеткізу географиясы 10 елге дейін кеңейді, ал экспорт алғаш рет импорттан асты. Бұл қазақстандық өнімнің жоғары бәсекеге қабілеттілігін және саланың жетілгенін білдіреді», — деді Шин-Лайн компаниясының корпоративтік мәселелер жөніндегі вице-президенті Жұлдыз Омарбек.

Оның айтуынша, өсімнің негізгі факторлары — заманауи өндірістік қуаттарды құруға бағытталған ауқымды инвестициялар, озық технологияларды енгізу және отандық өндірушілерді жүйелі мемлекеттік қолдау. Экспорттық түсімнің артуы мен орташа экспорт бағасының өсуі баға бәсекесінен сапа мен брендтер бәсекесіне көшуді көрсетеді.