Қазақстан әлемдік нарыққа Иран арқылы шыға алады

Иран порты арқылы әлемдік мұхит жолына шығуға мүмкіндік бар.

Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның 17-ші отырысын дайындау мәселелері бойынша онлайн-келіссөз өтті.

Әңгімелесу барысында тараптар Қазақстан-Иран үкіметаралық комиссиясы екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылауға арналған негізгі алаң болып табылатынын және Қазақстан тарапы алдағы комиссия отырысына үлкен мән беретінін атап өтті.

Қайрат Төребаев Иранның Қазақстан үшін маңызды стратегиялық және сауда серіктесі екенін атап өтті. Біздің елдеріміз арасындағы өзара сауда көлемі 2020 жылмен салыстырғанда 84,8% - ға ($238,1 млн.) ұлғайып, 2021 жылы $440,1 млн. құрады.

ҮАК-тің алдағы 17-ші отырысы шеңберінде сауда, экономика және инвестициялар, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, банк ісі, көлік және логистика, энергетика, білім беру және туризм, қоршаған ортаны қорғау, кедендік ынтымақтастық, стандарттар, еңбек және әлеуметтік қамтамасыз ету, АЭА, құқықтық ынтымақтастық салаларындағы ынтымақтастықтың кең ауқымды өзекті мәселелерін талқылау жоспарлануда.

Мәселен, Хаттама жобасына қазақстандық тарап экспорттық тауарлар тізімімен алмасу және әлеуетті серіктестерді іздеу арқылы Иран нарығына экспорт номенклатурасын кеңейтуді ұсынады.

Сонымен қатар, Қазақстан үкіметаралық процестерді айналып өтіп, екі ел бизнесі арасындағы диалогтың тиімділігін арттыру үшін Іскерлік кеңес құруды ұсынды.

Сондай-ақ, TargetAI компаниясы Иран тарапымен белсенді келіссөздер жүргізіп жатыр және IT саласындағы ынтымақтастықты дамыту және SmartCity құру бойынша инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру үшін екіжақты топ құруды ұсынады.

Сонымен қатар, теміржол көлігі саласында Қазақстан тарапы қосымша жүк ағынын тарту, Қазақстан-Түрікменстан-Иран бағыты бойынша қолайлы тарифтік жағдайлар белгілеу бойынша одан әрі бірлескен күш - жігер жұмсауды және Үндістан/Парсы шығанағы елдері - Иран-Қазақстан, Азия елдері мен Ресей арқылы Қазақстан мен Иран порттары арқылы транзиттік контейнерлік тасымалдарды ұйымдастыру бойынша жұмыстар жүргізуді ұсынады.