Қазақ тілі мен контентін дамытуға бағытталған бірінші Qaz Startup Battle IT стартап байқауына қатысушылард сұхбаттар топтамасын жариялауды жалғастырамыз.
Бұл жолы біз AR толықтырылған шындық технологияларын қолдана отырып, балалардың сөйлеу қабілетін дамытуға арналған қосымша туралы айтып береміз. «QazaQsha» жобасы туралы сұрақтарға оның негізін қалаушысы Қызғалдақ Байтаңатқызы жауап берді.
Сөйлеу қабілеті тежелген балалар саны артып барады. Соңғы екі онжылдықта балалардың психоэмоционалдық дамуындағы анықталған ауытқулардың статистикасы он есе өсті.
- Бұл қосымшаны жасау идеясы қалай туды?
- Балалар біздің болашағымыз, біз олардың дені сау және бақытты болғанын қалаймыз. Дегенмен бүгінгі күні балалардың денсаулығының ең үлкен проблемаларының бірі - сөйлеу дамуының кешігуі. Бұл мәселені шешу үшін сіз орыс немесе басқа тілдерде жеткілікті ақпаратты таба аласыз. Қазақ тілінде мұндай ақпарат, өкінішке орай, аз. Қазақ тілінде пайдалы да қызықты контент жетіспейді. Ал дыбыссыз бейнелер, логопедтердің айтуынша, баланың сөйлеу қабілетінің дамуын кешіктіреді. Осы факторлардың барлығы бізді QazaQsha жобасын құруға итермеледі.
– QazaQsha жобасы туралы толығырақ айтып өтсеңіз.
- Бұл жоба пазл-карталар және біз өз тұтынушыларымызға жіберетін қосымшадан тұрады. Жақында, әрине, біз оны AppStore және PlayMarket дүкендеріне жүктейміз. Пазл екі бөліктен тұрады: біреуінде әріп, екіншісінде жануар немесе жәндік бейнеленген. Бала бұл пазлды құрастырып, оған камераны жақындатқанда, пазлдағы сурет анимацияға айналып, бұл сөздің қалай оқылатынын естиді. Мысалы, ол қолына «Ә» әрпі бар пазлды алып, оған камераны бағыттаған кезде, қосымша осы әріпті дыбыстайды, содан кейін бала бұл картаны әтеш бейнеленген пазлға қосады, ал қолданба “әтеш” сөзін дыбыстап береді. Осылайша, бала естігенін көргенімен салыстыруға үйренеді, бұл оны дыбысты қайталауға итермелейді.
- Жұмысты қалай бастадыңыз және сіздің болашаққа жоспарларыңыз қандай?
- Менің бір жасар балам бар, ол бейнелерді жақсы көреді. Біз сондай-ақ сәбилердің моторикасын дамыту өте маңызды екенін білеміз, сондықтан біз технология мен картон пазлдарын біріктіруді шештік. Біз балалар карталарды ұнатқаны туралы жиі пікірлер аламыз. Сондай-ақ, біздің кейбір клиенттеріміз өз дизайнына сәйкес карталарды әзірлеуге тапсырыс береді. Алдағы уақытта қазақ тілін терең меңгерген балаларға арналған контент әзірлеуді жоспарлап отырмыз. Жалпы біздің болашаққа жоспарларымыз өте көп, алдағы уақытта дамуымыз бен кеңеюіміздің куәсі боласыз деп сенемін.
- QazaQsha сіздің алғашқы әзірленген қолданбаңыз ба?
– QazaQsha жобасы – бұл толықтырылған шындыққа негізделген ARman жобасының қосалқы жобасы. ARman жобасының қазақ тілінде көп бағыттары бар: білім, сәулет және т.б.
- Ал сіздің қосымшаңыз қандай тілде?
– Қазақ тілінде. Онымен қатар біз оорыс және ағылшын тілдерін қостық.
– Сіздің қосымшаңыз басқалардан несімен ерекшеленеді?
– Біздің жобамыздың басты ерекшелігі туралы айтсақ, QazaQsha қазіргі таңда танымал технология болып табылатын толықтырылған шындыққа негізделген. Жобамыздың қазақ тіліндегі аналогтарын әлі көрген жоқпыз.
– Қосымшаңыз қазақ тілін меңгеруге көмектесті ме?
– Иә, қазақ тілін үйренгісі келетін балаларға да, үлкендерге де біздің қосымшамыздың пайдасы мол. Мысалы, мен студентпін, менімен бірге оқитын шетелдік топтастарым жобаға қызығушылық танытып, өздеріне бірнеше жиынтықтар сатып алып, олардың көмегімен қазақ тілін жақсы меңгеруде.