«Самұрық-Қазына» Qazaq Air әуе компаниясының таза активтерін вьетнамдық Sovico Group-қа сату алдында жасалған мәміле аясында 10,4 млрд теңгеге бағалады, деп хабарлады Самұрық-Қазына жарты жылдық қаржылық есебінде. Бұл ретте кәсіпорын 2 млрд теңгеге сатылса, вьетнамдық компания 38 млрд теңге қарызын өтеп, 50 ұшақ сатып алуға міндеттенеді.
Qazaq Air-қа қатысты сатуға арналған активтер сомасы (міндеттемелер шегерілмей) 14,6 млрд теңгені құрайтыны нақтыланды. Ол негізгі құралдарды, материалдық емес активтерді, басқа да айналымнан тыс активтерді, тауарлы-материалдық қорларды, саудалық дебиторлық берешектерді, өтелетін ҚҚС, басқа айналым активтерін, ақша қаражаттары мен олардың баламаларын қамтиды.
Міндеттемелердің сомасы 4,2 млрд теңгені құрайды. Оларға сауда және басқа кредиторлық берешек және басқа да қысқа мерзімді міндеттемелер кіреді. «Самұрық-Қазына» мәміле есепті күннен кейін (30 маусым) 12 ай ішінде аяқталады деп күтеді. Бұған дейін көлік министрі Марат Қарабаев мәміле қыркүйектің аяғында аяқталатынын айтқан.
«Самұрық-Қазына» өткен жылдың жазынан бері Qazaq Air әуе компаниясын сатуға тырысты. Қор байқауды бірнеше рет өткізген, бірақ сәйкес өтінімдер болмағандықтан жарамсыз деп танылды.