Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы Одақтастық қатынастар туралы шартқа және Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы Қазақстан- Өзбекстанның мемлекеттік шекараларын демаркациялау туралы шартқа қол қойды.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев бірлескен нысандардың құрылысын салтанатты түрде бастау рәсіміне қатысты Мемлекеттер басшыларына Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы бірлескен жобалардың жүзеге асырылуы жөнінде егжей-тегжейлі мәлімет берілді.
Атап айтқанда, Қарағанды облысында тұрмыстық техника, Шымкентте инфузиялық ерітінді, Қостанайда Chevrolet автомобильдерін шығаратын жоба іске қосылады.
Өз кезегінде Өзбекстанның Науаи облысында минералды тыңайтқыштар өндірісіне, Ташкент облысында логистикалық орталық пен Ташкент қаласында тұрғын үй-коммерциялық инфрақұрылымының құрылысына қатысты жобалар жоспарланған.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев бірлескен жобалардың табысты жүзеге асуына тілектестік білдіріп, нысандардың құрылысын салтанатты түрде бастап берді.
Қазақстан инвестициясымен Өзбекстанның Науаи облысында минералды тыңайтқыштар кәсіпорны ашылады Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанға мемлекеттік сапары аясында екі елдің бірлескен бірқатар жобасы іске қосылды.
Соның бірі – Өзбекстанның Науаи облысында фосфор және кешенді минералды тыңайтқыштар өндіретін кәсіпорын. «Қазфосфат» ЖШС және «Узкимёсаноат» АҚ қатысуымен жүзеге асырылатын өндірістің жобалық құны – 1,3 миллиард доллар. Жобаның 2022-2024 жылдарға жоспарланған бірінші кезеңінде «Навоийазот» базасында калий селитрасы (100 мың тонна) мен калий сульфаты (100 мың тонна) өндірісін жолға қою жоспарланып отыр. Жоба аясында 150 жұмыс орны ашылады. Ал өндірістің екінші және үшінші кезеңдері Алмалық және Ферғана қалаларында жалғасады.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздерден кейін бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін бірлескен мәлімдеме жасады. Мемлекет басшысының бірлескен брифингте сөйлеген сөзінің тезистері:
- Бірлескен іс-шаралардың нәтижесінде былтыр тауар айналымы шамамен 4 миллиард долларға жетті, бұл қарқын биыл да сақталып отыр. Осы жылдың қорытындысы бойынша тауар айналымы шамамен 5 миллиард долларға жетеді;
- Сауда-саттықты одан әрі дамыту мақсатында тауарлар номенклатурасын кеңейту және елдеріміздің сауда-экономикалық ықпалдастығын тежейтін кедергілерді жоспарлы түрде жою үшін тиісті шаралар қабылдауға келісті;
- Өнеркәсіп кооперациясы саласындағы өзара іс-әрекетті кеңейту — басым міндет. Машина жасау, фармацевтика, құрылыс және жеңіл өнеркәсіп салаларында 10 бірлескен кәсіпорын ашылып, табысты жұмыс істеп жатыр;
- Кеше аймақаралық бизнес-форум аясында құны 2,5 миллиард доллардан асатын өзара тиімді коммерциялық келісімшарттарға қол қойылды. Жалпы, сапар қорытындысы бойынша құны 8 миллиард доллардан асатын инвестициялық келісімдер мен екіжақты құжаттарға қол қойылды;
- Мемлекеттеріміз арасындағы серіктестікті кеңейтуге Халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы тың серпін беруге тиіс. Ол Орталық Азиядағы ең ірі сауда-өнеркәсіп хабына айналып, елдеріміздің көлік-логистикалық мүмкіндіктерін кеңейтеді;
- Биыл 9 айдың қорытындысы бойынша елдеріміз арасындағы ауыл шаруашылығы саласындағы тауар айналымы 30 пайызға артып, 1 миллиард доллардан асты;
- Дарбаза – Мақтаарал темір жол құрылысын тезірек аяқтау үшін күш салуға уағдаласты. Бұл Сырдария стансасына шығуға мүмкіндік береді. Аталған бағыт «Сарыағаш» өткізу пунктінің транзиттік әлеуетін кеңейтуге және жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді;
- Орталық Азиядағы трансшекаралық өзендердің ресурсын тиімді пайдалану мәселелеріне қатысты үйлесімді жұмыстарды жалғастыру келісілді;
- Энергетика саласындағы ынтымақтастық перспективалары, атап айтқанда, жеткізу, транзит және көмірсутегін өңдеу мәселелері қарастырылды. Екі ел үкіметтеріне энергетика саласындағы екіжақты қатынастардың өзекті бағыттары бойынша нақты ұсыныс беру тапсырылды;
- Сапар аясында өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі мәселелер де талқыланды. Әсіресе, Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар ресми делегациялардың мүшелері мемлекеттер басшыларының қатысуымен мынадай құжаттарға қол қойды:
1. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын құру туралы негіздемелік келісім;
2. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі мен Өзбекстан Республикасы Инвестициялар және сыртқы сауда министрлігі арасындағы Электрондық сауда жүйесін дамыту саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
3. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;
4. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Экология және қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;
5. Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен Өзбекстан Республикасының Орман шаруашылығы жөніндегі мемлекеттік комитеті арасындағы Орман шаруашылығы саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
6. 2000 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Азаматтардың өзара сапарларының шарттары туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама;
7. Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі мен Өзбекстан Республикасының Президенті жанындағы Стратегиялық реформалар агенттігі арасындағы Ынтымақтастық туралы меморандум;
8. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен Өзбекстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік қызметті дамыту агенттігі арасындағы Мемлекеттік қызмет саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
9. Қазақстан Республикасы Қызылорда облысының әкімдігі мен Өзбекстан Республикасы Науаи облысының хокимиаты арасындағы ынтымақтастықты кеңейтудің 2023-2024 жылдарға арналған жол картасы;
10. Қазақстан Республикасы Түркістан облысының әкімдігі мен Өзбекстан Республикасы Жизақ облысының хокимиаты арасындағы ынтымақтастықты кеңейтудің 2023-2024 жылдарға арналған жол картасы
11. Қазақстан Республикасы Түркістан облысының әкімдігі мен Өзбекстан Республикасы Ташкент облысының хокимиаты арасындағы ынтымақтастықты кеңейтудің 2023-2024 жылдарға арналған жол картасы;
12. «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ мен «Узбекнефтгаз» АҚ арасындағы келісім;
13. «Eurasian Resources Group S.а.r.L.» компаниясы мен «Sanoat Energetika Guruhi Enera» ЖШҚ арасындағы Ынтымақтастық туралы келісім;
14. «Қазфосфат» ЖШС, «Узкимёсаноат» АҚ және KP Fertilizers Ltd. арасындағы Өзбекстан Республикасында минералды тыңайтқыштар өндіру жөніндегі бірқатар кешендер құрылысының инвестициялық жобаларын іске асыру шеңберіндегі бірлескен әріптестік туралы келісім;
15. «PTC Holding» ЖШС (Қазақстан Республикасы) мен Өзбекстан Республикасы Ташкент облысының хокимиаты арасындағы Ынтымақтастық және өзара түсіністік туралы меморандум.