Солтүстік Каспий жобасы аясындағы Қашаған кен орны Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар жоба. Алайда акционерлердің соңғы ұстанымы олардың бұрын берген уәделерінен айтарлықтай айырмашылық бар екенін көрсетіп отыр.

Уәде мен шындық

2008 жылы акционерлер Қазақстанға ірі уәде берген еді:

жылдық өндіру көлемін 50 млн тоннаға дейін жеткізу;

бұл үшін жобаның бірінші фазасының бюджеті ұлғайтылды;

іске қосу мерзімі кейінге шегерілді;

сонымен қатар өнім бөлісу туралы келісім қосымша 4 жылға ұзартылды.

Алайда қазір акционерлердің жоспары әлдеқайда төмен. Олар бар болғаны тәулігіне 500 мың баррель (жылына шамамен 22 млн тонна) өндірумен шектелмек. Бұл бастапқы уәделердің жартысына да жетпейді.

NCOC ұсынған презентацияға сүйенсек, қуаты 2,5 млрд м³ болатын газ өңдеу зауыты бойынша келісім кейінге қалдырылды. Мұндай жағдай Қарашығанақтағы 4 млрд м³ қуатқа есептелген ГӨЗ-дің де болашағына күмән тудырады.