2021 жылғы 8 айда қаржы пирамидаларының қызметі және қаржылық алаяқтық мәселелері бойынша жеке және заңды тұлғалардың 125 өтініші қарастырылды. Жыл басынан бері қаржы пирамидалары белгілері бар 110-нан астам ұйым бойынша құқық қорғау органдарына ақпарат жіберілді, дейді Қаржы ұйымдарының әдіснамасы және пруденциялық реттеу департаментінің директоры Дәурен Сәлімбаев.
Алаяқтыққа және қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл бойынша жүйелі жұмыс үшін қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл шараларын әзірлеу жөніндегі тұрақты жұмыс істейтін ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды, оның құрамына Бас прокуратураның, Ұлттық Банктің, Ішкі істер министрлігінің, Қаржылық мониторинг агенттігінің, сондай-ақ Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің өкілдері кіреді.
Көрсетілген жұмыс тобының шеңберінде халықтың қаржылық және құқықтық сауаттылығын арттыруға арналған түсіндіру-алдын алу іс-шараларын өткізу жөніндегі медиа-жоспар қолданылады, сондай-ақ мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылы жөніндегі іс-шаралар жоспары қабылданды, ол қаржы пирамидаларының алдын алу, мониторингтеу, анықтау және жолын кесу рәсімдерін қамтиды.
Ағымдағы жылғы қазанда жұмыс тобы жосықсыз іс-қимыл практикасының 39 өлшемшартынан тұратын қаржы пирамидалары белгілерінің тізбесін бекітті. Бірінші кезекте, бұл ұқсас нарықтық көрсеткіштерден әлдеқайда асып түсетін жоғары кірістілікке уәде ету, бизнесті қатысушының кірісі жаңадан қосылған қатысушылар салымдарының есебінен қалыптасатын желілік маркетинг қағидаттарымен ұйымдастыру, компанияда кірістің, сондай-ақ қажетті лицензиялар мен рұқсаттардың болмауы, жобалардың атауында белгілі жария компаниялардың, брендтердің атауына ұқсас сөз тіркестерін немесе нышандарды пайдалану.
Сонымен бірге қаржы пирамидаларының белгілері бар ұйымдардың тізімін жариялау алгоритмі келісілді. Бұл тізім Агенттіктің сайтында орналастырылды және бүгінгі күні онда қаржы пирамидаларының белгілері бар 56 ұйым бар. Тізім үнемі жаңартылып отырады, жеке және заңды тұлғалардың шағымдары мен өтініштерінің, сондай-ақ құқық қорғау органдары сұратуларының негізінде қалыптастырылады.
Қаржы нарығында пандемия кезеңінде микрокредиттер алу үшін жеке басын куәландыратын қолдан жасалған немесе ұрланған құжаттарды қолдану практикасы кеңінен тарады.
Ағымдағы жылғы сәуірде алаяқтықтың мұндай түрлеріне жол бермеу үшін Агенттік Электрондық тәсілмен микрокредиттер беру қағидаларын қатайтты.
Жаңа талаптарда қарыз алушыны идентификаттаудың қосымша тәсілдері көзделген. Енді микрокредитті электрондық тәсілмен беру үшін электрондық-цифрлық қолтаңбадан басқа, Ұлттық Банктің Қазақстан банкаралық есеп айырысу орталығының сервистері арқылы қарыз алушыны биометриялық идентификаттау қолданылуы, не нақты уақыт режимінде қарыз алушының дербес деректері мен бейнесін екі факторлы тексеру пайдаланылуы мүмкін.
Екі факторлы тексеру шеңберінде қарыз алушының жеке кабинетіне қол жеткізудің бір реттік парольдері және клиенттің нақты уақыт режиміндегі бейнесін оның жеке басын куәландыратын құжаттағы бейнесімен салыстырып тексеруді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін бағдарламалық қамтамасыз ету пайдаланылады.
Қарыз алушыларды идентификаттауға қойылатын талаптардың өзгеруіне байланысты жалған микрокредиттерді ресімдеуге шағымдар саны күрт азайды. Егер 2020 жылы 94,4 млн теңге сомаға жалған микрокредиттердің 1102 жағдайы анықталса, ағымдағы жылғы мамырдан бастап, яғни Электрондық тәсілмен микрокредиттер беру қағидаларына қойылатын талаптардың өзгеруімен жалған микрокредиттер берудің небәрі 6 жағдайы тіркелді.
Агенттік қазіргі уақытта Электрондық тәсілмен микрокредиттер беру қағидаларына қарыз алушылардың идентификаттау деректерін мобильді байланыс операторларының деректерімен салыстырып тексеру мүмкіндігін көздейтін түзетулер жобасын талқылауда, яғни клиенттің ЖСН-ін мобильді байланыс операторының дерекқорында абоненттік нөмір иесінің ЖСН-імен салыстырып тексеру.
Бұдан басқа, жалған микрокредиттер анықталған кезде азаматтардың құқықтарын қорғау мақсатында құқық қорғау органдары микрокредит бойынша сыйақы есептеуді және жәбірленушіге қатысты талап-арыз жұмысын тоқтата тұру жөніндегі шараларды көздейтін болады.