2023 жылғы 3 наурыздан бастап төлем мерзімі өткен қарыздары және микрокредиттері бар азаматтар банкроттық рәсіміне өтініш бере алады. Міндетті талап – борышкердің проблемалық берешекті реттеу рәсімінен өтуі.
2021 жылғы 1 қазаннан бастап Қазақстанда кредитті өтеуде қиындықтарға тап болған азаматтардың проблемалық берешегін реттеу тәртібі қолданылады. Банктер мен микроқаржы ұйымдары (МҚҰ) оны орындауға және қарыздар мен микрокредиттерді қайта құрылымдауға берген борышкерлердің өтініштерін қарауға міндетті.
2022 жылы кредиттік ұйымдар қарыз алушылардың 708,7 мың өтінішін қарады, оның ішінде 527,8 мың қарыз алушының қайта құрылымдауға берген өтініштерінің 74,5%-ы мақұлданды.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің талабы бойынша кредиттік ұйымдар қарыздар мен микрокредиттер бойынша мерзімі өткен берешекті реттеудің міндетті тәртібі ескерілетін ішкі нормативтік құжаттарды жаңартты. Ресми интернет-ресурстарда, әлеуметтік желілерде және мобильдік қосымшаларда банктер мен МҚҰ мерзімі өткен берешекті реттеу тетігі туралы ақпарат орналастырады, сондай-ақ кредиттерді қайта құрылымдау мәселелері бойынша қарыз алушыларға кеңес беру үшін қосымша жедел желілер ашады.
Қарыз алушының және кредиттік ұйымның іс-қимыл алгоритмі
Тәртіпке сәйкес, кредитор (банк немесе МҚҰ) төлем мерзімін кешіктіру басталған сәттен бастап 20 күн ішінде ол туралы қарыз алушыға хабарлауға міндетті. Хабарламада кредиттік ұйымдар азаматтарға:
- кредит бойынша төлем жасау;
- қарыздың мөлшері және өтемеген жағдайда, қарыз алушы үшін салдарын көрсете отырып, мерзімі өткен берешекті өтеу қажеттігі;
- қарызды қайта құрылымдау мәселесі бойынша кредиторға жүгіну туралы хабарлайды.
Өз кезегінде, мерзімін өткізу пайда болған қарыз алушылар ол басталған күннен бастап 30 күн ішінде қарыздар мен микрокредиттерді қайта құрылымдау үшін кредиттік ұйымға өтініш беруге тиіс. Өтініште пайда болған мерзімін өткізудің себебін көрсету және ықтимал қайта құрылымдауға өз нұсқаларын ұсынуға, кірісінің төмендегені және өз міндеттемелері бойынша төлеу мүмкіндігінің болмайтынын растаушы құжаттарды ұсынуға тиіс. Қарыз алушының өтініші міндетті түрде қабылдануға, тіркелуге, есепке алуға және оны банк және МҚҰ қарауға тиіс. Кредитор өтінішті күнтізбелік 15 күн ішінде қарауға тиіс, содан кейін жауап беруге міндетті. Оң жауап болған жағдайда, банк және МҚҰ қарыз алушыға қарыз шартын өзгерту бойынша ұсыныс жасайды. Теріс жауап болған жағдайда, олар бас тартудың себептерін негіздеулері тиіс.
Бұл ретте, қарыз алушының өзі ғана кредиторға өзінің қаржылық және әлеуметтік жағдайы туралы ақпарат береді, ол кірісінің азаюы немесе мүлдем жоқ болуы фактісіне байланысты өз міндеттемелерін толық орындай алмайтынын құжаттармен растауға тиіс. Егер өтінішке сұратылған құжаттар қоса берілмесе, онда кредиттік ұйым қарыз алушының өтінішін қараусыз қалдыруға құқылы.
Қайта құрылымдау деген не?
Бұл күрделі қаржылық жағдайға душар болған қарыз алушылар үшін қолданыстағы кредиттің талаптарын өзгерту. Банк немесе МҚҰ қарыз алушыға мыналарды:
- қарыз шарты бойынша сыйақы мөлшерлемесін азайту жағына өзгертуді;
- шетел валютасында берілген қарыз бойынша негізгі борыш сомасының валютасын ұлттық валютаға айырбастауды;
- негізгі борыш және (немесе) сыйақы бойынша төлемді кейінге қалдыруды;
- берешекті өтеу әдісін немесе берешекті өтеу кезектілігін өзгертуді, оның ішінде негізгі борышты өтеуге басымдық берумен;
- қарыз мерзімін өзгертуді;
- айыпақының (айыппұлдың, өсімпұлдың), банктік қарызға қызмет көрсетуге байланысты өзге де төлемдердің күшін жоя отырып, мерзімі өткен негізгі борышты және (немесе) сыйақыны кешіруді;
- ипотека нысанасы болып табылатын жылжымайтын мүлікті кепіл берушінің дербес өткізуін;
- қарыз шарты бойынша міндеттемені орындаудың орнына банкке (банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға) кепіл мүлкін бере отырып, бас тарту төлемін ұсынуды;
- ипотека нысанасы болып табылатын жылжымайтын мүлікті сатып алушыға қарыз шарты бойынша міндеттемені бере отырып, өткізуді ұсынады.
Шарт талаптарына өзгерістер енгізу банк немесе МҚҰ осындай шешім қабылдаған күннен бастап 15 күнтізбелік күн ішінде жүзеге асырылады.
Егер кредитор ұсынған талаптар қарыз алушының ойынан шықпаса?
Қарызды қайта құрылымдау талаптары бойынша кредитормен келісімге қол жеткізілмеген жағдайда, қарыз алушы ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігіне жүгінуге құқылы. Бұл ретте қарыз алушының банкке және МҚҰ-ға өтініш жасағанын және өзара тиімді шешімге қол жеткізілмегенін растауды міндетті түрде ұсыну қажет.
Сондай-ақ борышкерлер ипотекалық қарыз шартынан туындайтын дауларды реттеу үшін Банктер туралы заңға сәйкес банк омбудсманына жүгіне алады.
Агенттік өтініш берушінің өтініші негізінде кредиторға қатысты құжаттамалық тексеру жүргізеді және әрекеттерді бағалауын банкке немесе МҚҰ-ға ұсынады. Осы кезеңде кредиттік ұйым халықтың әлеуметтік осал топтары (ХӘОТ) санатына жататын борышкерлердің кепілге салынған мүлкін өндіріп алу рәсімдерін бастауға құқығы жоқ.
Берешекті реттеудің бірыңғай тәртібі туралы толық ақпаратты Агенттіктің call-орталығы арқылы «1459» нөміріне жүгіне отырып немесе «Fingramota Online» мобильдік қосымшасы арқылы біле аласыз.