Алматыда ақша және ақылды шешімдер туралы ертегілер жинағының тұсауы кесілді. Екі тілде жазылған еңбек болғанымен, бұл тақырыптағы балалар ертегісі қазақ тілінде тұңғыш рет шығып отыр. «Жасыл сандықша» деп аталатын жинақ 6-8 жас аралығындағы балаларға арналған. Бұл - кішкентай оқырмандарды қаржы әлемімен таныстырып, осы бағытта белгілі бір дағды қалыптастыруға арналған басылым. Атап айтсақ, кітапта бюджетті дұрыс жоспарлауға, ақшаны басқаруға, саналы қаржылық шешімдер қабылдауға үйретеді. Бүлдіршіндерге бейімделіп жазылған туынды көз тартарлық иллюстрациялар арқылы әрленген.


«Мұндай кітаптардың құрылымы мен мәтіні қарапайым болуы керек, ұғынықты тілде жазылуы тиіс дегенді ұстандым. Ішінде 10 ертегі топтастырылған. Білім алуға қаржы жинау бағдарламасын ұстанатын «Freedom University» жобасының негізінде де бір ертегі жазылды. Қаржы инструменттерін дұрыс пайдаланудың жолдарын өскелең ұрпаққа ертеден түсіндіру - біз үшін өте маңызды», — дейді «Жасыл сандықша» ертегілер жинағының авторы, «Freedom Life» ӨСК» АҚ PR-менеджері Каринэ Давтян.

Компания 2019 жылдан бері Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қолдауымен балалар лагерін ұйымдастырып келеді. Ақшаны дұрыс жұмсауды үйрететін жаздық үйірмеге  бес жылда бес мыңнан астам бала қатысқан. Ал 2023 жылы компания Freedom CAMP платформасын құрып, мектептер мен оқу орындарына арналған осы бағытта тегін курс ашты. Оның сабақтарында балаларға ақшаның не екенін, бюджетті қалай құру керектігін, шығындарды жоспарлауды, мамандық таңдауды, үнемдеуді, инвестициялауды үйретеді. Бір жылда платформа арқылы үш мыңнан астам жеткіншек білім алған. Аталған жобалар жаңа кітаптың шығуына жол ашқан.


«Балалардың кибер-алаяқтық, инфляция, депозит, салымдар туралы базалық түсініктері болуы керек. Себебі, қаржылық сауаттылық негіздері адамда мектеп жасынан бастап қалыптасуы керек деп есептейміз. Мәселен, елімізде көптеген азаматтың  несиеге қатысты түсінігі дұрыс қалыптаспаған. Оның кері ықпалын бүгінде көріп отырмыз. Сол себепті осы сынды жобалардың маңызы зор деген ойдамын», — деп атап өтті «Freedom Life» ӨСК» АҚ Басқарма төрағасы Азамат Ердесов.

Туындының тұсаукесеріне жиналғандар арасында Алматы қаласы Білім басқармасының өкілдері де болды. Олар халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған жеке бизнес бастамаларын құптайтынын айтып, демеуші компанияға алғысын білдірді. Қолдаушы ретінде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін көрсетіп отырғанын жеткізді.

Айта кетейік, әзірге мың данамен шыққан бұл жинақ алдағы уақытта елдегі оқушы балалардың барлығына қолжетімді болмақ. Қала мектептері мен аудандық білім ордаларының кітапханаларына жақын арада тегін жетікізіледі.