2022 жылдың қаңтар-маусым айларында елімізде 149,1 мың тонна қант өндірілді, бұл былтырғыдан 9% көп.
Өндірістің ең үлкен көлемі дәстүрлі түрде Жамбыл облысына тиесілі: 96 мың тонна, былтырғыдан 16,4% ұлғайған. Облыстың республикадағы үлесі былтырғы 60,3%-дан 64,3%-ға өсті.
Биылғы жылдың қаңтар-мамыр айларының қорытындысы бойынша, жергілікті компаниялар қантқа сұранысты қанағаттандыруды (ішкі нарықтағы сатуды және экспортты) бір жыл бұрынғы 48%-дан 57,1%-ға дейін жеткізді.
Импорттың үлесі тиісінше 52%-дан 42,9%-ға дейін төмендеді. Елге 63,5 мың тонна қант әкелінді, көрсеткіш былтырғыдан 38,9% аз. Ішкі нарықтағы сату көлемі 25,6%, яғни 147,7 мың тоннаға дейін төмендеді.
2022 жылдың қаңтар-маусым айларында елімізге жалпы құны 126,4 млн долларды құрайтын 210,6 мың тонна қамыс қанты мен қызылша қанты, сондай-ақ қатты күйдегі химиялық таза сахароза импортталды. Физикалық мәнде импорт көлемі 11,3% азайса, ақшалай есептегенде, керісінше, 15,3% көбейген.
Қазақстан ТМД елдерінен 65,3 мың тонна қант пен сахарозаны импорттады, бұл былтырғыдан 45,7% аз. Импорттың негізгі бөлігі Ресейден келді: 62,4 мың тонна, көрсеткіш былтырғыдан 42,5% төмендеді.
ТМД-дан тыс елдерден Қазақстан 145,3 мың тонна қант импорттады, бұл былтырғыдан 23,9% көп. Мұнда негізгі көлем Бразилияға түсті: 107,7 мың тонна, жылдық өсім 24,1%.
Биылғы жылдың шілде айында елде қанттың килосы орташа есеппен 537 теңгені құрады, бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен бірден 86,6% қымбат.
Қант бағасының қымбаттауын ең көп Жамбыл облысының тұрғындары сезінді: баға былтырғыдан 2,2 есе өсті. Одан кейін Алматы қаласы мен Қарағанды облысында айтарлықтай өсті. Бағаның ең аз өсуі елордада байқалды: +58,3%.
Еліміздің ірі қалаларының ішінде ең қымбат қант Алматы (581 теңге), Қонаев (555 теңге) және Атырау (554 теңге) қалаларында болды. Ең төменгі баға Ақтөбеде (449 теңге) тіркелді.