«Самұрық-Қазына» АҚ «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ акцияларын Қазақстан Республикасының азаматтарына акция және жаһандық депозитарлық қолхат (ЖДҚ) түрінде Астана халықаралық қаржы орталығының қор биржасына саудаға шығарды.
Азаматтардан өтінім 2020 жылдың 3-8 маусым аралығында қабылданды.
Нәтижесінде азаматтардан 203 мың акция мен 921 мың ЖДҚ-ға жалпы саны 625 өтінім келіп түсті. Бұл ұсынылған құнды қағаз көлемінен 2,9 есеге асып кетті.
Компанияның бір акциясы 5 230,81 теңгеден сатылды.
Айта кетерлігі, осының алдында компания акциялары шығарылғанда өтінім қазіргіден 5 есе аз болған еді.
Самұрық-Қазына өтінім берген азаматтардың бардығына барынша теңдей жағдай жасау үшін бір қолға максималды 1960 құнды қағаз ұсынды.
Компания акциясының кезекті рет көпшілікке сатылуы елдегі нарықтың, сонымен қатар АХҚО биржасын дамытуға өз септігін тигізеді. Сонымен қатар азаматтар үшін де балама табыс көзіне айналады.
Аталған акция шығару компанияны жекешелендірудің үшінші кезеңі аясында жүргізіліп отыр. Жалпы, жекешелендірудің үшінші толқынының жалпы көлемі 211,6 млн АҚШ долларды құрайды. Осының 27%-ы отандық бизнес пен жеке тұлғаларға тиесілі.
Самұрық-Қазына алдағы уақытта өзге де ұлттық компаниялардың акцияларын қор биржаларында саудаға шығаруды жалғастыра береді.
Естеріңізде сала кетейік, таяуда naryk.kz Астана биржасынан қалай акция сатып алуға болатынын жазған еді.