2026 жылдың бірінші айында салық артығымен жиналды. Оң динамикаға қарамастан, мемлекеттік кіріс органдары ҚҚС жинау жоспарын 20% орындай алмады.

Қаржы министрлігі республикалық бюджеттің 1 ақпандағы атқарылуы туралы есепті жариялады. Құжатқа сәйкес, 851,3 млрд салық түседі деп жоспарланып, 941,8 млрд теңге жиналған (+10,6%).

Корпоративтік табыс салығы (КТС) қазынаға 436,4 млрд теңге әкелді (жоспардағы 418,7 млрд-қа қарағанда +4,2%), ал қосылған құн салығы (ҚҚС) – небәрі 249,9 млрд теңге болды (болжанған 311,8 млрд-тан -19,8%).

Салықтық емес түсімдер 23 млрд теңге деңгейінде қалыптасты (жоспарға +2,5%). Ұлттық қордан берілетін трансферттер жоспарланғаннан төмен болып шықты – 400 млрд теңгенің орнына 230 млрд. Нәтижесінде бюджет кірістері 1,34 трлн жоспарланғанда, іс жүзінде 1,27 трлн теңгені құрады (-5,8%).

Бұл ретте бюджет шығыстары да жоспардан 17,1% қалып, 1,33 трлн теңгеге дейін жетті. Осының арқасында бюджет тапшылығы күтілгеннен төмен болды – 260 млрд теңгенің орнына 60,5 млрд теңге. Мұнайлы емес тапшылық (мұнай кірістерін есептемегенде) 315,2 млрд теңгені құрады (666 млрд теңге күтілген еді). Қарыз түсімдері де 666-дан 313 млрд теңгеге дейін қысқарды.

«Республикалық бюджеттің атқарылуы жылдың дәстүрлі байсалды басталуын көрсетеді: кірістер жалпы жоспарға жақын, салық түсімдері асыра орындалуда, ал шығыстар әлі жобалық қуатына шыққан жоқ. Тапшылық қалыпты деңгейде және маусымдық динамикаға сәйкес келеді. Дегенмен, құрылымдық тәуекелдер қазірдің өзінде байқалады», – деп түсіндірді статистиканы экономист Руслан Сұлтанов.

Оның пікірінше, өте өршіл жылдық жоспар аясында ҚҚС бойынша жоспардың орындалмауы әкімшілендіру мен экономикалық белсенділікке қатысты жоғары күтулерді тудырады.

«Осылайша, қазіргі көрініс – бұл тұрақтылықтың индикаторы емес, тек фискалдық циклдің бастапқы нүктесі. Бюджет теңгерімділігінің нақты бағасы екінші және үшінші тоқсандардағы шығыстардың қарқыны артқаннан кейін ғана мүмкін болады. Сол кезде кіріс базасы мәлімделген параметрлерді қолдай ала ма, жоқ па – сонысы белгілі болады», – деді ол.