2022 жылы бизнес үшін ауыр жыл болғаны рас. Қаңтар оқиғасы, артынша Ресей мен Украина қақтығысы, салдарынан инфляцияның күшеюі бизнеске зардабын тигізбей қоймады.
Қаңтардан кейін бизнес екі айда қалпына келді
2-қаңтар күні Маңғыстау облысында сұйытылған газ бағасының қымбаттауына байланысты наразылық басталды. Халық толқуы бүкіл елге жайылып, саяси сипат алып, 4-5 қаңтарда Алматы, Астана, Атырау, Павлодар, Талдықорған және Өскемен қалаларында жаппай наразылық орын алды.
Атап айтқанда, 1 602 сауда орны, 52 қоғамдық тамақтану орны, 77 қаржы секторы, 27 логистика нысаны, 5 БАҚ нысаны зардап шекті.
Ösim бизнес-журналының мәліметінше, қаңтар айында транзакция саны 2021 жылғы желтоқсанға қарағанда 39%-ға азайған. Бизнес тек екі айдан кейін ғана қалпына келді. 2022 жылдың сәуір айында ғана 2021 жылдың желтоқсанындағы көрсеткішке жете алды.
Дегенмен, жыл соңына қарай өсім байқалыпты. Мәселен, 2022 жылдың қазан айында Jusan Business клиенттері транзакцияларының саны 29% өсті.
Мемлекет қаңтардағы тәртіпсіздіктер салдарынан зардап шеккен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қолдау мақсатында келесі шараларды қолға алды. Атап айтқанда:
- Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне келтірілген мүлік зиянын өтеу;
- Жеке және заңды тұлғалар кредиттерінің төлеу мерзімін ұзарту. Несие төлемдерінің мерзімін ұзарту бағдарламасына Jusan Business те қатысты. Түскен өтінімдердің барлығы қабылданды.
- Салық және кеден тексерістерін тоқтата тұру және тағы да басқа шаралар
Нәтижесінде, 2022 жылғы желтоқсан айындағы деректерге сүйенсек, Қаңтар оқиғасы салдарынан Алматыда шығынға ұшыраған 1 640 кәсіпкер өтемақы алды. Оларға 16 млрд теңге төленді.
Шетелден тауар импорттау ұзақ және қымбатқа түсті
24 ақпанда Ресей әскерлері Украина жеріне басып кірді. Батыс елдері Ресейге қатаң санкциялар жариялады. Атар айтқанда, Ресейге тауар экспорттауға және импорттауға тыйым салынып, банктерді қаржы жүйелерінен ажыратып, жеке тұлғалар мен ұйымдарға санкция салынды.
Нақтырақ айтқанда, Ресейге 10 000-нан астам халықаралық санкция салынды, 1 000-нан астам халықаралық компания сауда қарым-қатынасын бұзып, Ресей нарығынан шығып кетті. Бұл Ресей мен оған көршілес елдердің экономикасына қатты әсер тигізді.
Қазақстан Ресейден келетін импортқа өте тәуелді — отандық импорттың шамамен 40%-ы Ресейден келеді. Одан, әсіресе, солтүстік аймақтар азап шегуде, себебі мұнда азық-түлік тауарларының 90%-ы Ресейден әкелінеді.
Бұрын логистикалық тізбек бойынша ресейлік порттардан тасымалданатын тауарлар енді Қытай мен Каспий теңізі арқылы тасылады — бұл ұзағырақ та, қымбатырақ та болып шықты, көлік желісіне де мұндай жүк ағымын орындау ауыр түсті.
Бұдан басқа, жағдайды ресейлік жеке тұлғаларға, компанияларға және тауарларға қойылған шектеулер қиындата түсті. Санкциялық тексерулер де басталды — шетелдік корреспондент банктер қазақстандық кәсіпкерлерден қаражатты қайда аударатыны және тауарларды кімнен алатыны жөнінде қосымша ақпарат сұрай бастады. Кей жағдайларда бұл ақпаратты өңдеу жұмысы 1 аптадан 3 аптаға дейін созылып, аударым да сол уақытқа сәйкес ұсталып отырды.
Сол кезеңде Jusan Business төлемдер мен аударымдардың өңдеу уақытын қысқарту бойынша ұсынымдарға байланысты ақпараттық науқан жүргізді. Сонымен қатар Ресей мен Беларуське салынған санкциялар аясында қалай жұмыс істеу керегі туралы колл-центрге жедел жауап беруді үйрету шаралары өткізілді.
Ресеймен жұмыс істейтін кәсіпкерлердің алдынан шыққан бір қиындық
Санкциялар күшіне енгеннен кейін ресейлік банктер SWIFT халықаралық аударымдар жүйесінен ажыратылды. Осыған орай көптеген ресейлік банктерге шетелден ақша аудару да, шетел контрагенттеріне Ресейдегі шоттардан төлем жүргізу де мүмкін болмай қалды.
10 наурызда Visa және Mastercard халықаралық төлем жүйелері Ресей аумағында қызметтерін тоқтата тұратыны туралы мәлімдеді — сол кезде басқа елдерден ресейлік банктердің төлем карталарына аударым жасау мүмкін болмай қалды.
Ресейдегі клиенттермен және жеткізушілермен жұмыс істейтін қазақстандық кәсіпкерлер тауарлар мен қызметтердің ақыларын төлеудің басқа жолдарын іздей бастады — ол ресейлік «Мир» немесе қытайлық UnionPay төлем жүйелері; шот ашпай-ақ ақша аударуға болатын «Золотая корона», «Юнистрим», CONTACT жүйелері; меншікті Тинькофф және Райффайзенбанк сияқты санкция салынбаған банктер.
Рубль-теңге жұбы жүрісінен жаңылды
Санкциядан кейін Ресей валютасы күрт құлдырады. Нәтижесінде бір рубль 5,67 теңгеден наурызда 3,98 теңгеге дейін арзандағанымен, кейін қайтадан қымбаттап, тіпті маусым айынлда 9,1 теңгеге дейін көтерілді. Осыдан кейін валюта бағамы біршама тұрақтанды. 28 желтоқсан күніне бір рубль 6,9 теңгеге тең болды.
Инфляция мен базалық мөлшерлеме
2022 жылғы қараша айындағы жылдық инфляция деңгейі 19,6% болды. Соның ішінде Азық-түлік тауарлары бағасының жылдық өсімі 24,1%, Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының жылдық өсімі 18,6%, ақылы қызметтер бағасының жылдық өсімі 14,1% болды.
Инфляция қарқының қаттылығы Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені 14,5%-дан 16,75%-ға дейін көтеруіне себеп болды.
Доллар-теңге бағамына келер болсақ, қаңтар айында 431 теңге болған доллар желтоқсан айында 469 теңгеге жетті.
Шағын және орта бизнес жылды өсіммен аяқтады
Жалпы, 2022 жыл бизнес үшін үлкен сынақтарға толы болғанымен, жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны жыл басынан бері айталықтай көбейген. 2022 жылдың қаңтар айында республика бойынша 1 457 308 белсенді бизнес субъектісі болса, 2022 жылдың қарашасында олардың саны 1 784 867-ге жеткен.
Ал 2021 жылы көрсеткіш қаңтарда 1 351 185-тен желтоқсанға дейін 1 431 647-ге жеткен еді.
Соның ішінде 2022 жылдың 1 желтоқсанындағы дерек бойынша, шағын және орта бизнестің 67,6%-ы жеке кәсіпкер болды. Бір жыл бұрын оның үлесі 63,4% еді.
Ал шағын кәсіпкерлікке жататын заңды тұлғалар саны барлық ШОБ-тың 18,8%-ын құрады. 2021 жылы көрсеткіш 20,9% болған.
Одан бөлек шаруа немесе фермерлік қожалықтардың ШОБ-тағы үлесі 2021 жылғы 15,5%-дан былтырғы 1 желтоқсанда 13,4%-ға азайды.
Есесіне орта кәсіпкерлікке жататын заңды тұлғалар саны 2021 жылдың желтоқсанындағы 0,2% көрсеткішінде өзгеріссіз қалды.
Қорыта айтар болсақ, қаңтардағы оқиғалар, санкция, одан туынлдаған сауда қиындықтары мен инфляцияға қарамастан отандық бизнес 2022 жылды еңсере білді. Нақтырақ айтқанда, 2022 жылғы 1 желтоқсан күніне Қазақстандағы кәсіпкерлер саны өткен жылға қарағанда 25% өсті.