Қазіргі ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру
және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жету.
Экономикалық кластерлер
Бұл ретте металды терең өңдеу, мұнай-газ және көмір химиясы, ауыр машина
жасау, уранды конверсиялау және байыту, автобөлшектер және тыңайтқыштар шығару
сияқты бағыттарға айрықша назар аударған жөн. Басқаша айтсақ, жоғары деңгейде
өңделген өнім шығаратын кластер құру керек.
Еліміздің туристік әлеуетін де пайдалану керек. Туризм осындай серпінді
жобалар қатарында болуға тиіс.
Жалпы, кемінде 15 ірі жобадан тұратын нақты тізім дайындалуға тиіс. Осы
салада бұрын болған қателіктерді қайталауға болмайды.
Сонымен бірге реттелетін сатып алу кезіндегі өз тауарларымыздың үлесін
арттыру және офтейк жүйесін толық іске қосу қажет. Еліміздегі өнім
өндірушілермен жасалатын офтейк келісім-шарттардың үлесін кемінде 10 пайызға
жеткізу керек. Бұл – жыл сайын 2 триллион теңге деген сөз.
Сатып алу үдерісі оңтайланып, қысқартылады, «баға емес, сапа» қағидатына
басымдық беріледі, яғни, демпингке тиімді тосқауыл қойылады және үдерістер
толық автоматтандырылады.
Соның нәтижесінде алдағы үш жылдың ішінде реттелетін сатып алу саласындағы
жергілікті өнімдер мен қызметтердің үлесі кемінде 60 пайызға жетуге тиіс.
Протекционизм – отандық бизнесті қолдау
Қазір көптеген елдер ішкі нарықты қорғау шараларын
белсенді қолданады. Дамыған мемлекеттердің өзі протекционистік өнеркәсіп саясатына көшті.
Дүниежүзілік сауда ұйымының бағалауынша, біздің елдегі ішкі нарықты қорғау
деңгейі төмен, небәрі 128 тарифтік емес шара. Сондықтан біз сауда-саттық
саясатында жаңа әрі батыл қадам жасауымыз керек.
Мемлекет отандық өнім өндірушілерді қорғауға міндетті. Бұл – біздің
экономикамыз өзгелер үшін жабық деген сөз емес. Экономикамыз басқа елдерге
әрдайым ашық болуға тиіс. Бірақ ұлттық бизнестің мүддесін қорғау керек.
Өңдеушілер үш жыл салықтан босайды
Ірі өндіріс кәсіпорындары 5 жыл сайын технологиялық
және экологиялық аудит жасауы керек. Бұл талап инфрақұрылым саласындағы
кәсіпорындарға да қойылуға тиіс.
Өз қаржысына геологиялық зерттеу жүргізген инвестордың жер қойнауын
пайдалану кезінде басым құқыққа ие болуын қамтамасыз еткен жөн. Қазір еліміздің
1,5 миллион шаршы шақырым аумағына геологиялық және геофизикалық барлау
жасалған. Үкіметтің міндеті – 2026 жылға қарай оның көлемін кемінде 2 миллион
200 мыңға жеткізу.
Өңдеу өнеркәсібін қолдау үшін шетелдің және еліміздің
инвесторларын бастапқы үш жылда салықтан және басқа да міндетті төлемдерден
босатқан жөн.
Армияға ұшқышсыз ұшақ пен дрон қажет
Біздің армиямыз жоғары технологиялы қару-жарақпен және
әскери техникамен, соның ішінде бронды техникамен, ұшқышсыз басқарылатын ұшу
аппараттарымен, қазіргі заманғы атыс қаруларымен жабдықталуға тиіс.
Техниканы шұғыл жөндейтін өндіріс орындарының қуатын арттырып, отандық
кәсіпорындарға барынша қолдау көрсеткен жөн. Бізде оған қажетті
материалдық-техникалық база, білік пен тәжірибе және мамандар бар. Тек оларға
құзырлы мекемелердің тапсырысы керек.
Арнаулы қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту қоры арқылы өз кәсіпорындарымызға
тікелей қаржылық қолдау көрсетіледі.
Ауыл шаруашылығына халықаралық корпорациялар тартылады
Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген
өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек. Бұл – нақты міндет. Жұртты өнім өңдеуге
ынталандыру керек. Ол үшін салық саясатын қайта қарау қажет.
Бұл салада ірі компаниялар көбірек болса, нақты серпіліс жасауға болады.
Біз экспортты ұлғайта отырып, ішкі нарықты да ұстап тұруымыз керек.
Бұл жұмысқа халықаралық корпорацияларды белсенді түрде тарту керек.
Жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажет. Осыған қажетті жағдай
жасалуы керек.
Қазір ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызы тозып тұр. Сондықтан жыл
сайын оның 8-10 пайызын жаңартып отыру қажет. Бұл ретте еліміздегі техника
өндірушілер мен шаруалардың да мүддесін ескерген абзал.
Егіс түрлерін көбейтуіміз керек. Сондай-ақ көбірек пайда әкелетін дақылдар
еккен жөн. Суды көп қажет ететін егіс алқабын біртіндеп азайтып, бір ғана дақыл
түрін егуді шектеу қажет.
Суды үнемдеу және нарықтық тариф
Алдағы 5 жылда кемінде 14 гигаваттық жаңа электр қуаты
іске қосылады.
Түптеп келгенде, Қазақстан электр қуатын басқа жақтан алмауға тиіс, яғни
көршілес елдерге тәуелді болмауы керек.
Табиғи монополия субъектілерінің бәріне 5-7 жылға дейін көңілге қонымды
нарықтық тариф енгізген жөн.
Еліміздегі Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ сияқты мұнай-газ алпауыттары газды
қолжетімді бағамен ұсынуға тиіс. Сонымен қатар жаңа газ кеніштерін барлау және
игеру үшін инвестиция тарту аса маңызды.
2027 жылға қарай тағы 1,4 гигаваттық қуат көздері іске қосылады
Атом электр станциясын салу немесе салмау мәселесі – еліміздің болашағына
қатысты аса маңызды мәселе. Сондықтан оны жалпыұлттық референдум арқылы шешкен
жөн деп санаймын. Нақты мерзімін кейін анықтаймыз.
2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге
жетуі мүмкін.
Су шаруашылығы жүйесін тиімді дамыту мәселесімен дербес мекеме айналысуы
қажет деп санаймын. Сондықтан Су ресурстары және ирригация министрлігі
құрылады. Министрліктің аясында Ұлттық гидрогеология қызметі қайта жұмыс
істейтін болады.
Жан-жаққа транзиттің бәрін дамыту керек
«Достық-Мойынты», «Бақты-Аякөз», «Дарбаза-Мақтаарал»
бағытындағы ірі теміржол жобаларын сапалы жүзеге асыру қажет. Оның қатарында
Алматыны айналып өтетін темір жол желісі де бар.
Қазақстан көлік саласында Ресеймен және Қытаймен ынтымақтастығын жалғастыра
береді. Біздің транзиттік әлеуетімізді нығайту ісінде Транскаспий бағдары
айрықша рөл атқарады. Орта мерзімдік кезеңде осы дәліз арқылы тасымалданатын
жүк көлемі бес есе артуы мүмкін. Ол үшін Қытай, Әзербайжан, Грузия, Түркия
сияқты серіктес мемлекеттермен бірге күш жұмылдыруымыз қажет.
«Бақты» өткелінде жаңа «құрғақ порт» салу, Ақтаудағы контейнер хабының
құрылысын тездету және Қара теңіз арқылы өтетін Орта дәліздің бойында тұрған
айлақ әлеуеттерін арттыру керек. Қытайдың Сиань, Грузияның Поти қалаларында өз
терминалдарымыздың құрылысы басталды. Бұл – Қытайдың «Бір белдеу, бір жол»
мегажобасы біздің ұлттық бастамаларымызбен тоғысқанының нақты көрінісі.
Іргелес елдердің бәрімен, оның ішінде Ресей, Қытай, Орталық және Оңтүстік
Азиядағы тату көршілерімізбен сындарлы әрі достық қарым-қатынаста болсақ,
еліміздің көлік әлеуетін тиімді пайдалана аламыз.
Бізге теңіз инфрақұрылымын дамытуға арналған біртұтас жоспар керек. Онда
Құрық портына айрықша мән берілуге тиіс. Құрықты Ақтау порты сияқты толыққанды
логистикалық кластерге айналдыруымыз қажет.
«Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық дәлізі де өте маңызды. Сол арқылы Парсы
шығанағына шығуға болады. Біртіндеп бұл бағыттағы теміржол желісінің өткізу
мүмкіндігін екі есе арттыру керек. Алдымен «Болашақ-Челябинск» теміржол
желісінің Қазақстандағы бөлігін жаңғыртуға кірісу қажет.
Халықаралық дәліздермен тиімді байланыс орнату үшін логистика қызметін
толық ұсыну маңызды. Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе әуежайлары
мультимодальды орталық болуға тиіс. Бұл орталықтар бәсекеге қабілетті болу үшін
жүктерді қабылдау және тарату қызметі сапалы атқарылуы қажет.
2029 жылға дейін 4 мың шақырымнан астам жолға күрделі жөндеу жүргізу қажет.
Көлік-логистика саласын қарқынды дамыту – стратегиялық міндет. Үш жыл
ішінде оның ішкі жалпы өнімдегі үлесі кемінде 9 пайызға жетуге тиіс. Ол үшін
саланы тиімді басқару өте маңызды. Сондықтан Көлік министрлігін қайта құрған
жөн. Бұл министрлік жол инфрақұрылымын салумен де айналысады.
Шығармашылық экономиканы мемлекет қолдайды
2026 жылға қарай ІТ қызметтерінің экспортын бір миллиард долларға жеткізу –
Үкіметке жүктелетін жаңа міндет.
Венчурлық қаржыландыру тәсілі инновациялық жобаларды іске қосуға қажетті
негізгі қаражат көзі болуға тиіс.
Аймақтағы жоғары оқу орындарының негізінде біртұтас инновациялық экожүйе
құру қажет. Оны нақты сектормен тығыз ынтымақтаса отырып жүзеге асырған жөн.
Бұл жұмысты әрбір облыс орталығында жүргізу керек. Астана хабының тәжірибесін
кеңінен пайдаланған жөн.
Креативті индустрия субъектілері өндіріс ерекшелігіне байланысты
кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларына толық қатыса алмайды, қаржылай көмек те
ала алмайды. Оларға қолдау көрсетуге арналған шаралардың жеке топтамасын
әзірлеу қажет деп санаймын.
«Бәйтерек» холдингінің құрылымын өзгертіп, оны кең ауқымда цифрландырған
жөн.
KazakhExport компаниясы экспортты дамытатын толыққанды институтқа айналады.
Компанияға осы міндетті атқаруға қажетті құзырет берілуге тиіс. Бұдан бөлек,
«Отбасы банктің» қызметін қайта қарау керек. Басты назарды облыс орталықтарына
емес, аудандарға, моноқалаларға және ауылдарға аударған жөн.
Шетелден қайтарылған активтерді нарыққа шығару
Қазір жекеменшікке заңсыз өткен және шетелге шығарылған
бірқатар активтер мемлекетке қайтарылуда. Біз ашық әрі бәсекеге қабілетті
экономика құрып жатырмыз. Сондықтан қайтарылған активтің бәрін ашық түрде және
мемлекет үшін тиімді шартпен нарыққа шығару керек.
Жалпы, жекешелендіру және халықтық ІРО жұмыстарын барынша тездету қажет.
Басты мақсат – активтерді басқару ісінің ашықтығын және тиімділігін барынша
арттыру. «Самұрық-Қазына» қорының бейінді емес активтерінің бәрі жеке меншікке
және халықтық ІРО-ға өтуі керек.
Үкімет бұл жұмысты 2024 жылдан бастап қолға алады. Келесі жылы «Air Astana»
компаниясы халықтық ІРО-ға шығарылады. «QazaqGaz» кәсіпорны да осы жұмысқа
дайындалуы керек.
Шетелден банктер шақыру
Былтыр банктердің таза пайдасы бір жарым триллион теңгеге жуықтады. Ал осы жылдың
бірінші жартысында – бір триллион теңгеден асып кетті. Банктер тиімді жұмыс
істегеннің арқасында емес, негізінен Ұлттық банк инфляциямен күресу үшін
базалық мөлшерлемені жоғары деңгейде ұстап тұрғандықтан, осындай мол пайдаға
кенелді.
Үкімет пен Парламенттің бұл пайданы мемлекет мүддесін ескере отырып,
неғұрлым әділ бөлу мүмкіндігін қарастырғаны жөн. Қаржы ұйымдарының салық
салынбайтын мемлекеттік құнды қағаздарды сатып алудан түскен орасан зор
табысына қатысты да сұрақтар бар. Мұнда қисын да, мемлекеттік ұстаным да жоқ.
Үкімет ешбір ақылға сыймайтын осы мәселені анықтап жатыр. Соған сәйкес заңдарға
түзетулер әзірленіп, Мәжіліске енгізіледі. Депутаттардың оны мұқият қарауын
сұраймын.
Банк қызметінің басқа түрлеріне қарағанда бизнеске несие беру ісі банктерге
пруденциалды және фискалды реттеу тұрғысынан анағұрлым тиімді болуы керек.
Мұның оңай еместігін, күрделі мәселе екенін түсінемін. Үкіметке және қаржы
саласын реттейтін мекемелерге бір жылдың ішінде осы маңызды мәселеге қатысты
өздерінің кесімді байламын айтуды тапсырамын.
Банктердің «қозғалыссыз жатқан» 2,3 триллион теңгелік активтерін
экономикалық айналымға қосу үшін нақты шаралар қабылдау қажет. Бұл ретте осы
активтерді иеленуге ниет танытқан бизнес өкілдерінің оны алып, экономикаға
қайтаруына мүмкіндік беретін ашық цифрлы платформа құруды тапсырамын.
«Ұзақ мерзімге арналған қаражат» нақты секторға барынша қолжетімді болу
үшін бірлескен және синдикатталған несие беру тәсілін кеңінен қолдану керек.
Сондай-ақ өнеркәсіп өкілдері мен кәсіпкерлер несиенің бәрін жұтып қоймауы
қажет.
Банк саласындағы тағы бір өзекті мәселе – барлығы бірнеше банктің қолында
шоғырланған. Қазір Қазақстанда 21 банк бар. Бірақ корпоративті секторға несие
берумен, яғни экономикалық жобаларды қаржыландырумен бірнеше ірі банк қана
айналысады. Сондықтан осы саладағы бәсекені арттыру үшін елімізге шетелден
сенімді үш банкті тартқан жөн.
Қазір Қазақстанда екі қор биржасы бар. Олар жұмыс барысында көбіне
бірін-бірі қайталайды, тіпті өзара бәсекеге түсіп жатады. Еліміздің қаржы
жүйесі үшін бұл тым артық. Ішкі нарықтың көлемін және тартымдылығын арттыру
үшін осы биржалардың әлеуетін біріктіріп, бір жерден басқару мәселесін
қарастыру қажет.
Аудан әкімдерінде бюджет дербестігі болады
Былтыр аймақтар табысының өсімі 30 пайыздан асты. Сондықтан реформаның
келесі кезеңінде осы норманы өзге де салықтарға, оның ішінде қосымша құн
салығына да қатысты қолдану қажет. Мұндағы міндет – бюджеттің екінші деңгейіне
кем дегенде екі триллион теңге қосымша қаражат беру.
Кезең-кезеңімен жүргізілген фискалды орталықсыздандыру жұмысының
нәтижесінде жергілікті бюджет кірісінің құрылымындағы республикалық бюджеттен
бөлінетін трансферттің үлесі орта есептен 25 пайызға дейін төмендеуге тиіс
(қазір бұл көрсеткіш 50 пайызға жуық).
Сонымен қатар аудан әкімдеріне жергілікті бюджетті басқару құқығын берген
жөн деп санаймын.
Бұдан бөлек, жергілікті бюджетке жиналатын салыққа қатысты жеңілдіктерді
анықтау құқығын аймақтардың өзіне беру мәселесін қарастыру керек.
Салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің
санын кемінде 20 пайызға азайту керек. Айтарлықтай түсім әкелмейтін төлемдерді
толығымен алып тастап, қалғандарын біріктіруге болады.
Сондай-ақ үдемелі салық салуды енгізу жұмысын жеделдеткен жөн.
«Келешек» жинақтау жүйесі
Білім беру мекемелеріндегі психологиялық қолдау
қызметін институционалды түрде күшейту қажет. Бірыңғай сенім телефонын ұйымдастырған
жөн. Зорлық-зомбылыққа және қысымға, яғни буллингке тап болғандарға көмек
көрсетуге арналған бағдарлама әзірлеу керек.
«Келешек» атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізуді тапсырамын.
Бұл бағдарламада мемлекет тарапынан ұсынылатын бастапқы білім беру
капиталы, жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табыс қарастырылуға
тиіс. Осы жинақ пен «Ұлттық қор – балаларға» жобасының қаражаты қосылғанда жас
ұрпақтың сапалы білім алуына мүмкіндік туады.
Үкімет зиянды еңбек жағдайында ұзақ уақыт жұмыс істеп жүрген адамдарды
әлеуметтік қолдау тетіктерін әзірледі. Бұл бұрыннан талқыланып жүрген мәселе
болатын, енді шешімі табылды. Оның мынадай өлшемдері бар. Жұмысшылардың осы
саланы дамытуға сіңірген еңбегі және денсаулығына зиян келгені ескеріле отырып,
оларға зейнет жасына толғанға дейін, атап айтқанда, 55 жастан бастап арнаулы
әлеуметтік төлем төленеді. Парламенттен Үкіметтің ұсыныстарын жедел қарауды
сұраймын.
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеге
көтеруді тапсырамын.