Мемлекет басшысы Екібастұз қаласында моноқалаларды дамыту бойынша жиын өткізді, деп хабарлайды Ақорданың Twitter-дегі парақшасы.
«Моноқалалар үшін тұрғындардың облыс орталықтары мен басқа қалаларға көшіп кетуі тән болып тұр. 1999 жылдан бері моноқалалардың халқы 2 есеге, 3 миллионнан 1,5 миллион адамға азайған. Негізінен халықтың экономикалық тұрғыда белсенді халқы, әсіресе жастар көшіп кетіп жатыр», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Моноқалалардағы инженерлік инфрақұрылымның жай-күйі өте нашар. Су құбырлары мен кәріз желісінің тозуы орташа есеппен 61 пайызды құрайды. Ал Арқалық, Балқаш, Шахтинск, Теміртау қалаларында тіпті 90 пайызға дейін жетеді, деді Қасым-Жомарт Тоқаев
«Мемлекеттік тұрғын үй саясаты аясында даму әлеуеті төмен моноқалалардан қоныс аударушыларға арналған жеке бөлім болуы тиіс», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Екібастұзда өтіп жатқан моноқалаларды дамыту мәселелеріне арналған жиналыста.
Ақорданың Twitter-дегі мәліметіне сәйкес, Президент даму әлеуеті бар моноқалаларға қоныс аударушыларға жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама болуы керектігін айтты.
«Отбасы» банкі инструментарийінде мұндай азаматтарға бастапқы жарнасы 10 пайыз және сыйақы мөлшерлемесі 2-ден 5 пайызға дейін болатын жеңілдетілген ипотека бағдарамасын қарастыруы қажет. Үкіметке әкімдіктермен бірге бұл бастаманы жан-жақты пысықтау керек», - деді Мемлекет басшысы.
«Моноқалаларды олардың әлеуеті негізінде үш топқа бөлген дұрыс болады деп санаймын. Бұл мәселеде барынша сындарлы болу қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Екібастұзда өтіп жатқан моноқалаларды дамыту мәселелеріне арналған жиналыста.
Ақорданың мәліметіне сәйкес, Мемлекет басшысы Үкіметке еліміздегі барлық моноқалаларға тиісті сараптама жүргізуді тапсырған.
«Үкімет облыс және моноқалалардың әкімдіктерімен бірлесіп, барлық моноқалалар бойынша тиісті сараптама әзірлеуі қажет. Ол әзірленіп жатқан Аумақтық даму жоспары мен Өңірлерді дамыту жоспарын ескеруі тиіс. Жұмысты 2022 жылдың 1 наурызына дейін аяқтау керек», - деді ҚР Президенті.
«Даму әлеуеті төмен шалғайдағы моноқалалар тұрғындарының облысішілік және өңіраралық қоныс аударуына қатысты ынталандырушы іс-шаралар қажет. Үкіметке Өңірлерді дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында даму әлеуеті төмен моноқалаларды көшіп кету өңірлері қатарына қосуды тапсырамын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Екібастұзда өтіп жатқан моноқалаларды дамыту мәселелеріне арналған жиналыста.
Ақорданың Twitter-дегі мәліметіне сәйкес, Президент бұл бастама азаматтардың болашағы бар қалаларға өз еркімен қоныс аударуына себеп болатынын атап өткен.
«Бұл азаматтардың мамандарды қажет етіп отырған болашағы бар, өсіп келе жатқан қалаларға өз еркімен қоныс аударуын ынталандырады. Өнеркәсіптік моноқалалар тұрғындарының басым бөлігі қажетті жұмысшы және инженерлік мамандықтарда біліктілігі мен тәжірибесі бар екендігін жақсы білеміз», - деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев екі автожолдың құрылысына қатысты тапсырма берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «2024 жылы Жезқазған-Қызылорда автомобиль жолының құрылысы аяқталуы тиіс. Бұл Жезқазған мен Сәтбаев қалаларының сауда-көлік байланысын күшейтуге, сонымен қатар жүк транзитін арттыруға мүмкіндік береді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ақорданың мәліметіне сәйкес, сондай-ақ Мемлекет басшысы Нұр-Сұлтан-Алматы жолын жаңғыртуды 2023 жылы аяқтауды тапсырды.
«Шалғайдағы ірі моноқалардың еліміздің өзге өңірлермен стратегиялық көлік байланысын қамтамасыз ету қажет. Мен Нұр-Сұлтан-Алматы жолын жаңғыртуды 2023 жылы аяқтау тапсырмасын бердім. Ол Балқаш қаласының әлеуетін айтарлықтай арттыратын болады», - деді ҚР Президенті.