Бүгін автожол инфрақұрылымы саласындағы түйткілдерге ерекше тоқталғым келеді, деді Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында.
"Биыл 11 мыңнан астам шақырым жолға әртүрлі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұған 600 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Жөндеу жұмыстарын созбалаңға салуға болмайды. Жобаларды жүзеге асыру барысын қатаң бақылауға алу қажет. Жолдың сапасына айрықша назар аудару керек. Еліміздің жолдары нашар екені және жол құрылысы саласын жемқорлық жайлағаны ешкімге жасырын емес. Тіпті, басқа жерді айтпағанның өзінде Ақордаға апаратын жолдың өзі жамау-жамау, құрақ көрпеге ұқсайтын болды.
Жалпы, бұл салада қордаланған мәселе көп. Тендерді жыл сайын бірді-екілі компания ғана ұтып алады. Мұндай жағдайдың қайталанып келе жатқанына ондаған жыл болды. Осының бәрін ретке келтіру үшін шұғыл шаралар қабылдау керек. Жарты жыл өтті. Ал, жол жөндеуге бөлінген қаражаттың 44 пайызына мемлекеттік сатып алу қорытындысы жасалған жоқ (464 млрд. теңгенің 263 млрд. теңгесі бойынша мемлекеттік сатып алу қорытындысы бар). Бұл жұмыс Павлодар (17%), Маңғыстау (24%) және Батыс Қазақстан (27%) облыстарында өте баяу жүруде.
Келесі мәселе. Қазақстанда жол құрылысына қажетті материалдың бәрі бар. Бірақ, отандық өндірістің әлеуеті толық қолданылмайды. Мұны, тіпті, қолдан жасалған тапшылық деуге болады. Мысалы, елімізде битум өндіретін үш зауыт бар. Соған қарамастан, 200 мың тонна битум жетіспейді. Құрылыс қарқынды жүрген кезде оның бағасы үш есе (яғни, бір тоннасы 90 мыңнан 250 мың теңгеге дейін) қымбаттайды. Үкіметке жол құрылысына қажетті ресурстарды өндіру және тұтыну барысын мұқият саралауды тапсырамын.
Соның негізінде құрылыс материалдарын шығаратын жаңа кәсіпорындар ашу қажет. Ал, жұмыс істеп тұрған нысандарды жаңғырту керек.
Тағы бір маңызды мәселе – мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізу. 2019 жылдан бері автожол саласында құны 1,5 триллион теңге болатын мемлекеттік келісім-шарттар жасалды. Соның 40 пайызын шетелдіктердің қатысы бар компаниялар ұтып алған. Біз шетелдік серіктестерімізге қолдау көрсетеміз. Олар үшін нарық әрдайым ашық болады. Бірақ, отандық компанияларымыз белсене қатыспайды. Үкімет жергілікті кәсіпорындар үшін бәсекелі орта қалыптастыруы керек. Кейбір ірі компаниялардың еңбек және материалдық ресурстары жеткіліксіз. Соған қарамастан, олар тендерді ұтып алып, жұмысты мердігерге ысыра салады. Осындай ахуал жылда қайталанады. Тіпті, жұмыстың 100 пайызы басқа мердігерге тапсырылғаны жөнінде мәліметтер бар. Мысалы, Қарағанды–Балқаш автожолын (363 шақырым) жөндеу жұмыстары 2019 жылдан бері жалғасып келеді. Бұл жобаның жалпы құны – 248 миллиард теңге. Бас мердігері осы жұмысты басқа компанияға тапсырды. Ал, бұл компания барлық жұмысты қосалқы мердігерге ысыра салған. Тіпті, 22 пайыз көлеміндегі үстеме ақысын да ұстап қалған.
Тағы бір өзекті мәселе – жол бойында заманауи қызмет көрсету ісін ретке келтіру. Қазір елімізде осындай 1600 нысан бар. Оның 68 пайызы ғана ұлттық стандартқа сай келеді. Транзит тұрғысынан өте маңызды Түркістан, Қарағанды және Маңғыстау облыстарындағы жағдай өте нашар.
Келесі мәселе – автожол саласына қатысты. Бұл салаға түбегейлі реформа жасайтын уақыт жетті. Қазір еліміздегі жолдың жай-күйін қадағалап, қызмет көрсететін екі негізгі оператор бар. Турасын айтсақ, екеуі де бір жұмысты атқарып отыр, жұмысшыларының саны да қажетті шамадан артық. Соған қарамастан, азаматтардан келіп жатқан орынды арыз-шағымдар азаяр емес, ал жолдың сапасы мүлде сын көтермейді. Үкіметке «ҚазАвтоЖол» және «Казахавтодорды» біріктіріп, Қазақстанның біртұтас автожол компаниясын құруды тапсырамын. Нәтижесінде қызметкерлердің саны да қысқаратын болады. Жалпы, бұл саланы кешенді түрде қайта жаңғырту керек. FIDIC халықаралық қағидаттарын енгізген жөн. Оны жүзден астам ел пайдаланып отыр. Бұл жүйе жол саласын тиімді басқаруға, бюджет қаражатын ұтымды пайдаланып, барлық деңгейдегі жемқорлық қаупін азайтуға мүмкіндік бермек. Мұндай жүйеге көбі қарсы болады. Бұл жерде министрдің және тиісті вице-премьердің нық ұстанымы қажет. Тұтастай алғанда, осы мәселе бойынша арнайы комиссия құру керек. Оған Үкімет мүшелерін, Президент Әкімшілігі, құқық қорғау органдарының өкілдерін, депутаттарды қосқан жөн. Жарты жыл ішінде барлық кемшілікті, соның ішінде жемқорлықты және олқылықтарды түзетуге бағытталған ұсыныстарды әзірлеп, маған баяндау қажет.
Бұл комиссия еліміздегі жол құрылысында бұрын, кем дегенде 10 жыл бойы жол берілген заң бұзушылықтарды мұқият тексеруі керек. Жолдардың сапасыз болуына кінәлілердің барлығы заң аясында жауапқа тартылуы керек.