Мемлекет басшысы Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында өңірдің туристік әлеуетімен танысты, деп хабарлайды Ақорда.
Президент Rixos Water World Aktau қонақ үй кешенінің инфрақұрылымын, соның ішінде жуырда ашылған ойын-сауық паркін аралап көрді. Ақтау қаласының оңтүстігіндегі туристік аймақты дамытуға арналған инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға баса мән берілді.
Атап айтқанда, инвесторлар Мемлекет басшысына гольф клубы, сауда орындары, виллалары мен апартаменттері бар халықаралық деңгейдегі қонақ үйдің құрылысы туралы айтты. Нысан биыл жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынылған инвестициялық жобаларға оң баға берді. Сонымен қатар туристік инфрақұрылымды кеңейтіп, жетілдірудің және туристер тартудың маңызды екенін атап өтіп, құрылыс барысын өз бақылауына алатынын мәлімдеді.