Мемлекет басшысы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының VIII съезіне қатысты, деп хабарлайды Ақорда.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Кәсіпкерлер палатасы Үкіметтің сенімді серіктесіне айналғанын және еліміздің орнықты дамуына зор үлес қосып келе жатқанын айтты. Оның пікірінше, «Атамекен» ұлттық бизнестің мүддесін тек Қазақстанда ғана емес, сондай-ақ халықаралық деңгейде де үнемі қорғайды.
Бес жыл бұрын шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 24 пайыз болды. Қазір бұл көрсеткіш 32 пайызға жетті және салада 3,5 миллион отандасымыз жұмыспен қамтылған.
– Бүкіл әлемге тараған эпидемия былтырдан бері еліміздегі кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтірді. Қиын сәтте мемлекет бизнес саласына жан-жақты қолдау көрсетті. Әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында жалпы құны 6,3 триллион теңге болатын дағдарысқа қарсы шаралардың 3 топтамасы жүзеге асырылды. Бұл ахуалды түзеуге және экономикалық белсенділік пен кәсіпкерлік бастамаларды қайта қалыпқа келтіруге мүмкіндік берді. Жұмыссыздықтың бірден белең алуына және кәсіпорындардың жаппай банкротқа ұшырауына жол бермедік. Биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша ел экономикасы 3 пайызға өсті. Мемлекет бизнеске көмек көрсету ісін жалғастыра береді, – деді Президент.
Мемлекет басшысы 2022 жылы «Қарапайым заттар экономикасы» және Бизнестің жол картасы бағдарламаларының аясында 1 триллионнан кем емес қаржы бөлінгенін жеткізді. Осы күрделі кезеңдегі басты міндет – адамдардың денсаулығын сақтау және толыққанды кәсіпкерлік белсенділікті қалпына келтіру шараларын тең ұстай білу. Президент бұл жаппай вакциналау есебінен ғана мүмкін болатынын еске салды.
– Бүгін, мүмкіндікті пайдалана отырып, өз сөзімді кәсіпкерлік қоғамдастығына, оның ішінде бизнес иелеріне, басшылық пен қызметкерлерге арнамақпын. Бұл ретте, еліміздің ұлттық қауіпсіздігі, экономиканың толық іске қосылуы, тұрғындар табысының қалпына келтірілуі, сондай-ақ, ең бастысы, жақындарымыздың денсаулығы туралы сөз болып отыр. Қазақстанда тиімді, қауіпсіз және тегін вакциналар бар. Сіздердің түсіністік танытып, белсенді жұмыс істегендеріңіз маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Үкімет пен бизнестің жуырда атқаруға тиісті міндеттеріне арнайы тоқталды. Оның айтуынша, елімізге жаңа реттеуші саясат қажет. Қатаң реттеуден бизнестің іскерлік белсенділігін ынтыландыруға, «smart regulation» деп аталатын өзін-өзі реттеуге көшу керек.
– Менің тапсырмам бойынша Парламент Мәжілісі «басынан бастап» реттеу жүйесіне негізделген заң жобасын енгізді. Оның басты қағидаттары: «Оne in two out» қағидасы, яғни қазіргі екі талаптың орнына бір жаңасын енгізу, шектен тыс реттеуге жол бермеу үшін Түпкілікті міндетті талаптар реестрін жасау, реттеуші апелляция институтын енгізу, яғни кәсіпкерлердің шағымдары бойынша тиімсіз талаптарды сотсыз қайта қарау механизмдері болуы керек, жаңа реттеуші механизмді тәжірибеден өткізу үшін экспериментальді құқықтық режим тетіктерін енгізу. Заң жыл соңына дейін қабылдануға тиіс. Құжатқа қатысты барлық базаны 2023 жылы осы қағидаттың енгізілуіне дейін дайындау қажет. Үкіметке оны Ұлттық палатамен тығыз ынтымақтаса отырып, әзірлеуді тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев заманауи кәсіпкерлік экожүйенің қалыптасуын Үкімет пен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының пандемиядан кейінгі кезеңдегі негізгі ортақ басымдығы ретінде атап өтті. Оның пікірінше, бизнесті тікелей қолдаудан бәсекеге қабілеттілік бағытындағы сапалы өзгерістерді ынталандыруға, тиімділікке және кәсіпорындардың өнімділігіне көшу керек.
- Үкімет пен «Атамекен» бірлесіп, шағын және орта бизнесті дамытудың жаңа стратегиясын әзірлеуі қажет. Құжатта бизнесті тікелей, адрессіз қолдау мен субсидиялаудан мейлінше нарықтық құралдар мен әдістерге көшу мәселесі қарастырылады. Жалпы шағын және орта бизнес санының өсуіне қарамастан, орташа компаниялар үлесінің төмен болуы – бұрынғы және әлі күнге дейін шешілмеген проблема. Дәл осы компаниялар мейлінше орнықты әрі бәсекеге қабілетті. Осыған байланысты шағын бизнестен орта санатқа көшу үшін реттеуші және ынталандырушы жаңа шаралар қажет. Үкіметке «Атамекенмен» бірлесіп, жыл аяғына дейін Шағын және орта бизнесті дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын қабылдауды тапсырамын, – деді Президент.
Мемлекет басшысы қазақстандық өнімді дамыту еліміздің экономикалық саясаттағы басымдықтарының бірі екенін айтты. Елімізді одан әрі индустрияландырудың маңызды міндеттерінің бірі – отандық өңдеу кәсіпорындарын қолжетімді шикізатпен қамтамасыз ету.
Осыған байланысты жылдың соңына дейін Президенттің тапсырмасына сәйкес қордаланған мәселені шешуге бағытталған «Өнеркәсіп саясаты туралы» Заң қабылданады.
– Өздеріңізге мәлім, бизнестің маған жасаған өтініштері негізінде 2023 жылдан бастап еңбекақы төлеу қорынан бірыңғай төлем жасау жүйесін енгізу туралы шешім қабылдадым. Шағын және орта бизнеске түсетін жүктеме 34 пайыздан 25 пайызға дейін азаяды. Мұндай тәсілді өзін-өзі жұмыспен қамтитын және жеке кәсіпкерлерге қатысты да қолдану мүмкіндігін пысықтау қажет. Біз салық процесін басқаруды жеңілдетіп, кәсіпкерлік қызметтен барлық салықтар мен бюджеттен тыс төлемдерді қамтитын бірыңғай төлем жасау мүмкіндігін қарастырғанымыз жөн. Бұл бизнесті «көлеңкелі аймақтан» шығуға ынталандырады. Үкімет пен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бірлесе отырып, қолданыстағы арнайы салық тәртіптерін жетілдіру жұмыстарын пысықтауы қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент мемлекет пен бизнес арасындағы байланысты цифрландыруды белсенді жалғастырудың маңызды екенін атап өтті. 1 шілдеден бастап салық төлеушінің контрагенттерді дербес тексеруі үшін интеграцияланған ашық деректер базасы – Atameken Business Information Services іске қосылды.
– Цифрлық дамудың маңызды бағыттарының бірі – жер учаскелері, құрылыстың негізгі жоспарлары, қолжетімді қуаттар, коммуникациялар және басқа да ақпаратты цифрландыру. Бұл – өндірістің негізгі факторлары. Онсыз бизнесті жүргізу мүмкін емес. Сонымен қатар бұл ақпарат – аса құпия. Аймақтық деңгейдегі жұмыс белгілі себептерге байланысты шегерілуде. Басты себеп – танымал компанияларға болысу, оларға жер мен басымдық беру, ал шағын және орта бизнестің жұмыс істеуіне мүмкіндік берілмейді. Үкіметке бұл мәселені Цифрландыру комиссиясының алдағы отырысында қарастыруды тапсырамын. Әрбір әкім есеп беруі тиіс. Үкімет қатаң бақылап, жұмысты үйлестіруге міндетті, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің пікірінше, бизнесті цифрландыруды белсенді жүргізу қажет. Қазақстанда қазірдің өзінде автоматтандыру себебінен жұмыс орындарының 52 пайызына қауіп төніп тұр.
– 2030 жылға қарай жұмыс күшінің үштен бір бөлігіне жуығы цифрлық дағдыларды меңгерген және ерекше қабілеттері бар жастар болады. Оларды тиімді пайдаланған жөн. Үкімет «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, кадрларды әзірлеу үшін ұзақмерзімді бағыттарды айқындауға тиіс. Яғни алдағы 10-12 жылға арналған құзыреттер болжамын жасау қажет, – деді Президент.
Мемлекет басшысы өз сөзінде Еуропа одағындағы көптеген мемлекет ұмтылып отырған көміртегіне бейтарап ел болу бағытына баса мән берді.
– Қазақстан – әлемдегі энергияны көп тұтынатын елдердің бірі. Энергия теңгерімінің 70 пайызын көмір генерациясы құрайды. Мұнай-газ секторының маңызын түсіндірудің өзі артық. Дегенмен, әлемдік қауымдастықтың жауапты мүшесі ретінде Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегінен таза ел болуға ниетті екенін мәлімдеді. Осы мәселе бізден технологиялық және экономикалық түбегейлі құрылымдық өзгерістерді талап етеді. Бұл әрбір азаматқа қатысты. Осыған байланысты Үкімет халықаралық сарапшылармен бірлесе отырып, 2060 жылға қарай көміртегін аз пайдаланушы ел болу тұжырымдамасын пысықтауда. Аталған жұмыс барысында отандық бизнестің көзқарасы мен пікірі аса маңызды. Сондықтан Палата мен барша бизнес қауымдастықты осы Тұжырымдаманың жобасын әзірлеуге белсенді араласуға шақырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент сөзін қорытындылай келе, съезд барысында қабылданған нақты шешімдерді Үкімет іс жүзінде пайдалануы тиіс екеніне назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаев шағын бизнесті дамыту және нығайту мемлекет үшін басты басымдық екенін атап өтті.