Polymetal тау-кен компаниясы 2023 жылға дивиденд төлемейді және акционерлердің шешімімен компания атауы Solidcore Resources PLC болып өзгереді.

Бұған дейін директорлар кеңесі дивидендтерден бас тартуды Қазақстан мен Орталық Азиядағы жобаларға 1 миллиард доллардан астам инвестициялау қажеттілігімен, сондай-ақ геосаяси шиеленістермен, макроэкономикалық ортаның күрделілігімен және қаржыландыру көздеріне қолжетімділік проблемаларымен түсіндірді.

Соңғы рет Polymetal 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында бір акцияға 0,45 АҚШ долларын құрап, жалпы сомасы 213 миллион доллар дивиденд төледі.

2024 жылдың наурыз айында акционерлер Сергей Ячунковқа тиесілі «Мангазея» компаниялар тобының ресейлік активтерін сатуды мақұлдады. Ал қаңтарда Polymetal-тың негізгі акционері өзгерді — омандық Maaden International Investment (MII) компаниясы ресейлік кәсіпкер Александр Несистің ICT холдингінің 23,9% үлесін сатып алды.

Компания 2029 жылға қарай алтын өндіруді екі есеге, 1 миллион унцияға жеткізуді жоспарлап отыр. Өндірісті кеңейту үшін компания Павлодар облысындағы Ертіс тау-кен металлургия кешенінің құрылысына 800 млн доллар инвестиция құйып отыр.

Компания Ертіс ТМК-дан басқа Қазақстандағы Бақыршық және Варваринское кен орындарын игеруде. Жалпы, алдағы бес жылда компания қазақстандық жобаларға 1 миллиард доллардан астам инвестиция салуды жоспарлап отыр.

Polymetal-тың ең ірі акционері — омандық Maaden International Investment компаниясы (23,9%), еркін айналымдағы акциялар (75,4%), оның ішінде 4% BlackRock-қа тиесілі. Полиметалл бағалы қағаздар Астана мен Мәскеудің қор биржаларында саудаланады.