Жыл сайын Қазақстанның түрлі өңірінен қосымша 600-ге дейін ауыл баласы Бурабайдағы IQanat мектебінде сапалы білім ала алады. Мұндай мүмкіндікті қазақстандық кәсіпкер, меценат және мектептің қамқоршысы Тимур Турлов қамтамасыз етті. Ол құны 2,7 млрд теңге болатын жаңа кампустың құрылысын қаржыландырды.
8 ақпанда Бурабайда ашылу салтанаты өтіп, оған Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов және IQanat бастамашысы Айдын Рахымбаев қатысты.
Жаңа кампуста мектеп оқушылары да, IQanat олимпиадасының ақтық сынына жеткен ауыл балалары да көкжиегін кеңейтеді. Бұл тұста Олимпиададан кейінгі үш жылдық бағдарламаның қатысушылары болып табылатын 1700 ауыл оқушысы үнемі мектепке қарқынды курстардан өтуге келіп тұрады.
Жаңа корпус спорт, ғылым және өнер әлеміндегі ең батыл балалық қиялдарға қанат бітіреді. Аталған жерде планетарий, 400 орындық амфитеатр, IT және STEM зертханалары, 7 мың кітап қорына арналған кітапхана, тренажер, хореография және фитнес залдары, шахмат клубы, қыш бұйымдары және бейнелеу өнері шеберханалары, коворкингтер, тіпті дыбыс жазу студиясы бой көтерді.
Жаңа ғимаратта нақты не болатыны туралы идеяларды балалар жоспарлады. Ол үшін құрылыс алдында балалар арасында ауқымды сауалнама жүргізілді. Сондай-ақ, жобалауда Финляндия, Дания, АҚШ елдеріндегі мектептер сәулетінің халықаралық тәжірибесі пайдаланылды.
Жаңа корпус Тимур Турлов негізін қалаған Freedom Holding Corp компаниясының атымен Freedom House деп аталды. Бұл IQanat оқу ауылындағы алғашқы үй. Болашақта басқа қазақстандық кәсіпкерлер салатын басқа да үйлер пайда болмақ.
IQanat бұл дәстүрді жаңа ғимараттар құрылысқа демеушілік жасаған тұлғалар мен компаниялардың атымен аталатын The lvy League университеттері (Гарвард, Йель және басқалары) сияқты беделді әлемдік университеттерден қабылдады.
"Еліміздің басты байлығы - адамдар. Бір адамның өзі көп нәрсені жасай алады, ал бәріміз бірге расында маңызды нәрсеге қол жеткізе аламыз. Еліміздің болашағы сіз бен біз қаншалықты білімді болатынымызға және елге деген сүйіспеншілігіміздің нақты іс жүзінде көрініс беруіне тікелей байланысты.
Қазіргі кезде осында оқитын балалар біздің елімізді жақсы жаққа өзгерте алады. Олардың көпшілігі бизнесте, ғылымда, мемлекеттік басқаруда, өнерде, спортта жетістікке жете алатынына сенімдімін. Ал мұнда алынған білім белгілі бір өнеге-үлгіге айналып қана қоймай, теңсіздік мәселесін шешуге елеулі үлес қосады", - деді Тимур Турлов.
Айта кетейік, Тимур Турлов 2019 жылдан бері IQanat жобасының қамқоршысы.
Жобаның бастамашысы және қамқоршысы Айдын Рахымбаев кәсіпкерлер неге осындай бастамаларды қолдауы керек екенін түсіндіреді.
"Кәсіпкерлер қайырымдылықпен саналуан сипатта айналысады. Кейбіреулер тікелей қаржылық көмек көрсетсе, біреулер азық-түлік, киім, көмір және тағы басқа қажеттіліктерді сатып алып береді. Әрине, көмектің барлық түрі маңызды. Алайда, егер кәсіпкерлердің ұзақ мерзімді және ауқымды игіліктерді бастауға деген шынайы ниеті болса, білім беруге инвестиция салу керек. Барлық ниет танытушылар біздің бастамаға қосыла алады. Осылайша біз ұлттың дамуына ең үлкен үлес қосамыз. IQanat - бұл қазақстандық кәсіпкерлер жобасы, ізгі қоғамдастығымызға атсалысушылар саны бүгіннің өзінде 150-ден асады. Бұл дегеніңіз, балық емес, қармақ береміз. Мәселен, IQanat мектебін мысал етсек. Біз қолдайтын балалар өздері ер жеткенде мұқтаж адамдарға, отбасыларға қол ұшын созуға асығатыны анық. Сонымен қатар, IQanat түлектері есейгенде дүниеге келетін болашақ қазақстандықтар ұрпақтарының тағдыры, табысы мен білім деңгейі де мүлде басқа болатыны сөзсіз. Үшіншіден, IQanat түлектері өз туған ауылдарының дамуына да әсер етеді – қаржылай көмек көрсетеді, биік белестерге шабыттандырып, қызмет етеді. Мұның бәрі зор әрі оң мультипликативті нәтиже береді".
Ол, сонымен қатар, Тимур Турловқа және барлық IQanat қамқоршысына жобаның өрісін ұзартуға қосқан елеулі үлестері үшін зор алғысын білдірді.
Айта кетейік, биылғы жыл жоба үшін ерекше және "IQanat – Мың бала" ретінде аталып, Қор бағдарламаларымен балалардың рекордтық саны қамтылмақ.