Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысындағы сөзінің негізгі тұстары:

«Еліміздің бұрынғы ғылыми әлеуеті мен инфрақұрылымын жоғалтып алдық. 40 мың ғалым 90-шы жылдардағы қиын кезеңде ғылымнан мүлде қол үзді. Кейбір институттар сақталып қалғанымен, жалпы ғылым біртұтас жүйе ретінде қатты әлсіреп кетті.

Былтыр ғылымға үш жылдың ішінде 625 миллиард теңге қаржы бөлу туралы шешім қабылданды. Мемлекет алдағы уақытта да бұл қаражаттың көлемін көбейте береді.

Ғылымды ел мен қоғам игілігі үшін тиімді пайдалану қажет. Ғылым дерексіз, яғни абстрактілі емес, нақты қолданбалы, күнделікті өмірде пайдасы мол сала болуға тиіс. Ғылыми негізсіз жасалған шаруаның салдары ауыр болуы мүмкін.

Ғылыми әзірлемелерді коммерцияландырудың мәні зор. Мысалы, ғалымдардың зерттеулерін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы шығындарды азайту, ресурс үнемдейтін технологияларды енгізу, сондай-ақ климаттық ерекшеліктерімізді ескере отырып, жолдарды жөндеу және салу үшін пайдалануға болады. «Қарапайым заттар туралы ғылым» белсенді дамуға тиіс. Ол үшін ғылыми қоғамдастық пен бизнес арасындағы өзара ықпалдастықтың тиімді тетіктерін жолға қою қажет.

Үкімет ғылым саласындағы шығындарға салықтық және инвестициялық жеңілдіктер беру арқылы бизнесті ынталандыруды жалғастырғаны жөн.

Бүгінде университет профессорлары мен оқытушылары арасында ғылыми атағы бар мамандардың үлесі 40 пайыздан сәл асады. Бұл үрдіс докторант пен магистрант қана емес, бакалавр даярлаудың сапасына да кері әсер етеді. Құзырлы министрлікке нақты шара қабылдауды тапсырамын.

Жалпы университеттегі кадр тапшылығы ғылыми жұмыстардың деңгейіне теріс ықпал етіп отыр. Жоғары оқу орындарындағы ғалымдардың еңбектеріне сілтеме жасау көрсеткіші өте төмен. Яғни 100 балдық жүйенің бір баллынан да аспайды.

Жоғары оқу орындарының кемшін тұсы – ғылыми зерттеулердің сапасыз жасалуы. Сондай-ақ өндіріс орындарымен тұрақты байланыс жолға қойылмаған, ал кейбір оқу орындарында мүлде жоқ деуге болады. Білім ордаларының басым бөлігі жұмыстың тиімсіз әрі ескірген тәсілдерін қолданып келеді.

Бюджет кодексіндегі «грант» ұғымының аясын кеңейту қажет. Ғылыми зерттеуге қажетті құрал-жабдық алуға және оның инфрақұрылымын дамытуға арналған қаржы еш кедергісіз бөлінуі керек.

Жалпы еліміздегі жоғары білім саласын дамытуға тозығы жеткен инфрақұрылым да бөгет болып отыр. Мемлекеттік жоғары оқу орындарының ғимараттары ескірген. Көбі жарты ғасырдан астам уақыт бұрын салынған. Бұлардың ішіндегі ең жаңа дегені – 1982 жылы бой көтерген Ақтөбе мемлекеттік университеті. Осы орайда менің тапсырмаммен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті үшін жаңа ғимараттар, яғни кампустар салынады.

Басқа да жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасын жаңғырту керек. Университеттердің және зерттеу орталықтарының ескірген зертханаларын біртіндеп қалыпқа келтіру қажет.

Сондай-ақ ғалымдарға докторантурадан кейін шетелде тағылымдамадан өтуге мүмкіндік беру қажет. Олардың зерттеу жұмысымен алаңсыз айналысуына жағдай жасау керек. Ғалымдар лайықты стипендия алуға тиіс. Шетелде тәжірибеден өткен азаматтардың ішінде докторанттардың үлесі – небәрі 1,6 пайыз. Бұл – өте аз. Үкімет олардың қатарын көбейту үшін нақты шаралар қабылдауы қажет.

Еліміздің оқу орындарында білім алып жүрген азаматтардың арасында да докторанттардың үлесі төмен. Мен былтыр докторантураға жыл сайын 5 мың адамға дейін қабылдау туралы тапсырма бердім. Ол үшін тың тәсілдер керек.

PhD-ді ғылыми әлеуеті зор және терең зерттеу жүргізе алатын білім ордалары даярлауға тиіс. Үкімет магистратура және докторантура бағдарламасына арналған гранттың құнын арттыру қажет. Білікті мамандарды іріктеу, даярлау және олардың ғылым саласында қалуына жағдай жасау – өте маңызды мәселе. Грант санын арттырып, оның құнын көтерген кезде осы мәселеге баса мән беру керек.

Алдыңғы жылы бір жарым мыңнан астам докторанттың небәрі 38 пайызы диссертация қорғаған. Олардың жартысына жуығы ғана ғылым саласында қалды. Ғылым докторларын дайындауға орасан зор қаржы жұмсалғанын ескерсек, бұл көрсеткіш әлі де төмен. Бұл мәселені тыңғылықты зерделеп, ахуалды түзеу үшін қажетті шара қабылдауды тапсырамын.

Ірі өндірістік компаниялармен бірге «индустриалды PhD» даярлау механизмін әзірлеп, қолданысқа енгізген жөн. Тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар мен ғылыми зерттеулер өзара байланыса отырып, өндіріске инновациялық шешімдерді енгізуге ықпал етеді. Жалпы, еліміздің жетекші жоғары оқу орындары мен шетелдік университеттердің филиалдары экономикамыздың басым салалары үшін ғалымдар мен білікті мамандарды жедел даярлауға тиіс. Мысалы «жасыл» энергетика, климаттың өзгеруі, су ресурстарын үнемдеу салаларындағы кадрларға сұраныс айтарлықтай артып келеді».