Соңғы уақытта тұрғын үйді жалдау құнының өсуіне қатысты шағымдар көбейіп келеді. Осыған байланысты Әділет министрлігі келесіні түсіндіреді.

Төмендегі азаматтар заңгерлердің тегін кеңесін ала алады: 

  • Ұлы Отан соғысына қатысушылар, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген адамдар, сондай-ақ басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер;
  • бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар;
  • зейнеткерлер;
  • көпбалалы отбасылар;
  • жан басына шаққандағы орташа айлық кірістері облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада белгіленген кедейлік шегінен төмен табысы аз адамдарға (отбасыларға).

Азаматтық заңнамада шарттарды, оның ішінде мүліктік жалдау шарттарын жасасудың, өзгертудің және бұзудың жалпы талаптары белгіленген.

Мүліктік жалдау шартының барлық елеулі талаптарын, оның ішінде жалдау құнын, мерзімін тараптар өзара келісім бойынша дербес айқындайды.

Тұрғын үйді жалдау шарты жазбаша түрде жасалады.

Шарттың барлық елеулі талаптары, сондай-ақ оларды өзгерту тәртібі алдын ала айқындалуы тиіс.

Жалға берушінің бастамасы бойынша шартты біржақты тәртіппен бұзуға заңда айқындалған жағдайларда ғана жол беріледі.

Осылайша, Азаматтық кодекстің 556-бабына сәйкес мынадай жағдайларда жалға беруші үйден жалға алушыны қуып шыға алады:

1) егер жалға алушы мүлiктi шарт талаптарын немесе мүлiктiң мақсатын елеулi түрде бұзып, жалға берушiнiң мұндай iс-әрекеттi тоқтату туралы жазбаша ескертуiне қарамастан пайдаланса;

2) егер жалға алушы қасақана немесе абайсызда мүлiкке елеулі зиян келтірсе;

3) егер жалға алушы мүлiктi пайдаланғаны үшiн шартта белгiленген төлем мерзiмiнiң өтуi бойынша екi реттен астам төлем жасамаса.  

Егер жалға беруші жалға алушыға жалдау ақысын көбейтуді міндеттесе, мұндай өзгеріс шартта белгіленген тәртіппен ғана жүзеге асырылуы мүмкін.

Егер жалға беруші шарттың талаптарын біржақты тәртіппен өзгерткен болса, оның ішінде тұрғын үйді жалға алу бағасын көтерген және шартты мерзімінен бұрын бұзған жағдайда, шарт ауызша нысанда жасалған болса да, бұл мәселелер сот тәртібімен шешілуге тиіс.                                       

Тұрғын үйді ұзақ мерзімді кезеңге (1 жылдан астам) жалға алатын азаматтарға қатысты заңнамаға сәйкес мұндай шарттар «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ (ХҚКО) тіркелуі тиіс екенін атап өтеміз. 

Бұл процедура сонымен қатар жалдаушылардың да, жалға берушілердің де құқықтарын қорғауды күшейту үшін қосымша шара ретінде қызмет етеді.

Жылжымайтын мүлікті жалға беру кәсіпкерлік қызмет саналады. Тұрғын үйді заңсыз жалға бергені және салық төлеуден жалтарғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған (ӘҚБтК-нің 463-бабы 15 АЕК-тен бастап).

Жеке кәсіпкер ретінде тіркелу үшін екінші деңгейлі банктер негізінде жасалған әртүрлі қосымшаларды пайдалануға болады.