2021 жылғы 1 қарашада ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Шотландияның Глазго қаласында климаттың өзгеруі жөніндегі БҰҰ Негіздемелік конвенциясының Әлем көшбасшылары саммитіне (СОР26) қатысты, деп хабарлайды Үкімет басшысының баспасөз қызметі.
Үкімет басшысы өз сөзінде Қазақстан әлемде алғашқылардың бірі болып Париж келісімін ратификациялағанын атап өтті (2016 жылғы 6 желтоқсанда).
Аталған құжатты жүзеге асыру үшін ҚР 2030 жылға қарай парниктік газ шығарындыларын 15%-ға қысқартуға ниетті. Қойылған мақсатқа қол жеткізу үшін Қазақстан ұлттық деңгейде айқындалған үлесін (ҰДАҮ) жаңартты, сондай-ақ жаңа Экологиялық кодексті қабылдады.
«Қазақстан жаңартылатын энергия көздерінен алынатын энергия көлемін 3%-дан 15%-ға дейін 5 есе, экологиялық таза көздерден өндірілетін энергия өндірісін 20%-дан 38%-ға дейін 2 есе арттырады. 2025 жылға қарай 2 млрд-тан астам ағаш отырғызу есебінен көміртекті сіңіру әлеуеті артады. Көмірден өндірілетін энергия үлесі 70%-дан 40%-ға дейін төмендейді деп жоспарлануда», — деді А. Мамин.
Премьер-Министр 2020 жылы желтоқсанда өткен Климаттық амбициялар жөніндегі саммитте ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу мақсатын жариялағанын атап өтті. ҚР Үкіметі оны іске асыру үшін энергетика, өңдеу өнеркәсібі, ауыл және орман шаруашылығы, көлік, ТКШ және қалдықтарды кәдеге жаратуға баса назар аудара отырып, экономиканың барлық секторларында елеулі реформаларды көздейтін стратегиялық құжатты әзірлеуді аяқтауда.
Қазақстанның көміртегі бейтараптығына жер мен суды пайдаланудың орнықтылығын, экономиканың энергетикалық тиімділігін арттыру, электрлендіру және экологиялық таза, оның ішінде жаңартылатын энергия көздерін кең ауқымды пайдалану арқылы қол жеткізілетін болады. Парниктік газ шығарындыларын азайту жоспарларын іске асыру кезінде нарық тетіктері мен жеке инвестициялардың әлеуеті барынша пайдаланылады.
Үкімет басшысы Қазақстанның орнықты даму бойынша Орталық Азияның Аймақтық климаттық хабы болуға бейілділігін растады. Бұл аймақ елдерінің күш-жігерін АХҚО Жасыл қаржы орталығының және климаттық күн тәртібімен айналысатын басқа да аймақтық ұйымдардың алаңында технологиялар трансферті, жасыл қаржыландыруды тарту, білім мен инновациялар алмасу арқылы «жасыл» экономикалық өсуді қамтамасыз етуде біріктіруге мүмкіндік береді.