Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бағалы қағаздар нарығын жетілдіруге бағытталған жаңа өзгерістер жобасын ұсынды. Құжат 25 қыркүйекте «Ашық НҚА» порталында жарияланды. Агенттік мәлімдегендей, түзетулердің негізгі мақсаты – қазақстандық қор нарығын заманауи етіп, инвесторлар үшін тартымды ету.
ETF үшін лимиттер жойылады
Жобаға сәйкес, биржалық пай қорларына (ETF) қатысты бірқатар шектеу алынып тасталады. Бұған дейін әрбір қор белгілі бір акцияларға қанша көлемде инвестиция құя алатынын қатаң лимитпен шектесе, енді бұл талаптар жеңілдетілмек. Бұл шара ETF-тердің халықаралық тәжірибеге, мысалы S&P 500 индексіне ұқсас жұмыс істеуіне жол ашады.
Брокерлерге көбірек еркіндік
Сонымен қатар бір эмитенттің немесе оған аффилиирленген компаниялардың бағалы қағаздарына инвестиция лимиті ұлғаяды. Сарапшылардың айтуынша, бұл портфельдік басқару компаниялары мен брокерлерге инвестициялық стратегияны икемдірек құруға мүмкіндік береді.
Қарапайым инвесторлар үшін жаңа құралдар
Тағы бір маңызды өзгеріс – бұған дейін тек кәсіби инвесторларға ғана қолжетімді болған қаржы құралдары, яғни фьючерстер мен опциондар, енді жекелеген бөлшек инвесторларға да қолжетімді болмақ. Бірақ бұл тек KASE және AIX биржаларында айналыстағы активтерге қатысты.