Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов жаңа Салық кодексінде өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үшін бөлек арнайы шот ашу міндеті жазылғанын түсіндірді.
«Банктік және төлем заңнамасы тұрғысынан алсақ, салалық профильді заңдарымызда өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін бөлек шот ашу талабы жоқ. Бірақ жаңа Салық кодексінде мұндай міндеттеме енгізілді. Яғни, бұл — салалық қаржы заңнамасының емес, салық заңнамасының талабы», – деп атап өтті Сүлейменов.
Ұлттық банк төрағасының айтуынша, арнайы шоттар салық талаптарын орындау үшін қажет. Ол егер азамат бизнеспен айналыса бастаса немесе қызмет көрсетуден табыс тапса, Мемлекеттік кірістер комитетінің ұстанымы бойынша бұл табыстарға салық салынуға тиіс екенін айтты. Ал сол салықты дұрысесепке алу үшін бөлек шоттар қажет.
«Яғни, заңнаманың екі түрін ажырата білу керек. Қаржы заңнамасында мұндай талап жоқ, бірақ салық салынуға тиіс табыс таба бастасаңыз, онда бөлек шот ашуыңыз керек», – деп толықтырды Сүлейменов.