Отбасы Банкі (Бәйтерек холдингінің еншілес ұйымы) мен Азия даму банкі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Құжатқа Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновтың төрағалығымен өткен жаһандық инвестиция бойынша қазақстандық дөңгелек үстел (KGIR-2024) барысында қол қойылды.
Отбасы Банкі мен АДБ арасында қол қойылған құжат гендерлік теңдікті, тұрақты экономикалық өсуді және Қазақстандағы жасыл құрылысты дамытуға қолдау көрсетуге ықпал етеді.
Отбасы Банкі 2025 жылы бірден екі тұрғын үй бағдарламасын – «Ұмай» және «Жасыл ипотека» бағдарламасын жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Бұл Отбасы Банкінің Азия даму банкімен «Инклюзивті және жасыл тұрғын үйді қаржыландыруға жәрдемдесу» жобасын жүзеге асырудағы ынтымақтастығы арқасында мүмкін болмақ.
Ынтымақтастық аясында АДБ Отбасы банкіне 90 млрд теңге көлемінде несие беруді жоспарлап отыр. Ұсынылып отырған қаржыландыру келесі мақсаттарға бағытталған: гендерлік теңдікке, тұрақты экономикалық өсуге және елдегі жасыл дамуды қолдауға жәрдемдесу. Жоба энергия үнемдейтін, тұрақты, жасыл және қолжетімді тұрғын үйді сатып алу көлемін арттыруға, жасыл ипотека нарығын дамытуға көмектеседі.
Қазақстандықтар негізгі, қосалқы, сондай-ақ салынып жатқан тұрғын үйлерді сатып алуға және жөндеуге екі бағыт бойынша несие ала алады деп жоспарлануда:
- әйелдерге ипотекалық несие беру («Ұмай» әйелдер ипотекасы);
- жасыл ипотекалық қаржыландыруды қамтамасыз ету («Жасыл ипотека»).
«Отбасы Банк – қазақ әйелдерін қолдауға ерекше мән беретін отбасылық банк. Біз әрбір қазақстандық әйелдің өз үйінде өмір сүруіне, отбасына жылулық пен жайлылық туғызу мүмкіндігін қамтамасыз етуге тырысамыз. Әйелдер – отбасы ошақтарының қамқоршысы, олардың тәуелсіздігін, экономикалық белсенділігін, теңдігін қолдау маңызды. Осы мақсатта үш жыл ішінде біз Азия даму банкімен бірлесіп «Ұмай» бағдарламасын құрдық, осы уақыт ішінде 3660 қазақстандық әйелге баспана алуға көмектестік. Несиелеудің жалпы сомасы 41,2 млрд теңгені құрады. Гендерлік теңдікке қосқан үлесімізді мойындау үшін біз Орталық Азияның аймақтық экономикалық ынтымақтастық бағдарламасының сыйлығын алған Қазақстандағы жалғыз банк болдық. АДБ-мен болашақтағы ынтымақтастық та осындай жемісті болады деп сенеміз», – деді Отбасы Банкі АҚ Басқарма Төрайымы Ләззат Ибрагимова.
Отбасы Банктің гендерлік өнім аясында жұмыс істеу тәжірибесі бар. «Ұмай» бағдарламасы бойынша клиенттердің портреті осындай болып шықты. Көп жағдайда бұл кем дегенде бір баласы бар әйелдер болды. Олар тұрақты табыс тауып, табысы 10-20 млн теңгеге баспана алуға мүмкіндік берді. Көбінесе «Ұмай» бағдарламасы бойынша 30-40 жас аралығындағы әйелдер несие алған. Көп жағдайда Қазақстан тұрғындары жалпы ауданы 50-70 шаршы метр бір немесе екі бөлмелі пәтерлерді Отбасы банкі арқылы сатып алған. Келесі жылы банк бұл жобаны жалғастыруды жоспарлап отыр.