2025 жылдың қорытындысы бойынша Отбасы банкінің таза пайдасы 127,5 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 5,5% артты. Банктің сайтында аудиттелмеген қаржылық есеп жарияланды.

Пайданың артуына негізінен пайыздық кірістердің 18,7% (395,9 млрд теңгеге дейін) өсуі себеп болды. Оның ішінде клиенттердің несиелері мен аванстары бойынша пайыздар (255,4 млрд теңге, өсім 24%) негізгі үлесті иеленді. Сонымен қатар мемлекеттік субсидиялар 71% артып, 27,7 млрд теңгеге жетті.

Банк активтері бір жылда 21,5% өсіп, 5,2 трлн теңгеге жетті. Бұған негізінен облигацияларға салынған инвестиция көлемінің 1,5 есе (341,2 млрд теңгеге дейін) артуы әсер етті. Сондай-ақ, қолма-қол ақша көлемі 40%-ға жуық өсіп, несие портфелі 3,9 трлн теңгені (өсім 15,9%) құрады.

Банктің міндеттемелері 24,1% артып, 4,43 трлн теңге болды. Мұндағы негізгі фактор — депозиттердің ағыны. Қазақстандықтардың Отбасы банкіндегі жинақтары 3,2 трлн теңгеге жетті. Бір жыл ішінде бұл көрсеткіш 19,7% немесе 526 млрд теңгеге өскен. Сондай-ақ, шығарылған борыштық бағалы қағаздар көлемі 69% артып, 707,2 млрд теңгені құрады.

Банктің меншікті капиталы бөлінбеген пайданың жинақталуы мен қосымша төленген капиталдың артуы есебінен 8% өсіп, 766,5 млрд теңгеге жетті.