Орылған егістік бүлініп жатыр, деді бүгін Ауыл партиясы фракциясының депутаты Серік Егізбаев Үкімет басшысының орынбасары Серік Жұманғаринге жолдаған депутаттық сауалында.

«Биылғы рекордтық егіннің қуанышы көпке созылмады, «Ауыл партиясы» фракциясына, Аграрлық мәселелер комитетінің депутаттарына күн сайын хаттар легі, жеке өтініштер келіп жатыр. Астық үйінділері қар астында қалып, оған жете алмай тұрған көліктер туралы бейнероликтер тарап жатыр. Оңтүстіктегі өңдеу зауыттарына қант қызылшасын жеткізу мәселелері бір айдан астам айтылып жатыр», – дейді депутат.

Депутат Аграрлық мәселелер комитетінің отырысына Ауыл шаруашылығы министрлігінің қызметкерлері шақырылғанын, «бірақ олар нақты жауап алмағанын, шақырылған Ауыл шаруашылығы министрлігінің қызметкерлері кінәлі емес екенін айтқанын» жеткізді.

Осы орайда депутат Жұманғариннен мыналарды сұрайды:

1) Мемлекет шаруалардан 5 млн тоннадан астам астық сатып алған 2011 жылғы егінді мысалға ала отырып, астық сатып алуды тағы көбейту;

2) Астық бағасының құлдырауында жағдайды теңестіру үшін қандай жұмыстар атқарылып жатқаны;

3) Көктемгі егіс пен егін жинау жұмыстарына берілген несиелерді ең болмаса келесі жылдың көктеміне дейін ұзарту;

4) 350 млрд теңгеден асып кеткен шаруалардың субсидиялар бойынша қарызы осы жылдың соңына дейін өтелуі тиіс пе?

5) Үкімет пен фермерлер арасындағы екіжақты міндеттемелерді азайту үшін офсеттік механизмді қолдану мүмкіндігі қарастырылып жатыр ма?

6) Астықты үзіліссіз экспорттау үшін вагондарды жеткізу мәселелері қалай шешіліп жатқаны;

Депутаттың айтуынша, Аграрлық мәселелер комитетінің отырысына қатысушылар арасында Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшылығынан бөлек, Қаржы, экономика, көлік, сауда және интеграция, цифрлық даму министрліктерінің басшылары мен квазимемлекеттік құрылымдардың өкілдері болуы тиіс.

«Жоспарлы жиында шаруаларымызды толғандырған сұрақтарға нақты, шынайы және төте жауаптар берейік», - деді «Ауыл» партиясы фракциясының депутаты.