АХҚО Қазақстанның көлік-логистика саласы туралы талдамалық есепті таныстырды. Есепке сәйкес, Еуразия континентінің ойыншылары, атап айтқанда ЕО, Қытай, Үндістан және Орталық Азияның негізгі экономикасы өседі, демек, инвестициялар мен сауда айналымы көтеріледі деп күтілуде. Бұл елдер әлемдік экономиканың 40 пайызын, ал әлем халқының 43%-ын құрайды. Пайыздық жағынан ең үлкен өсім Үндістан мен Орталық Азия экономикаларында байқалатын болады, сондай-ақ бұл өңірлер алдағы жылдары халықтың ең үлкен өсімін көрсетеді.
Азия мен Еуропа арасындағы сауданың басым бөлігі теңіз жолдарымен жүзеге асырылады. Еуразия континентінің әртүрлі аймақтары, әсіресе Еуропа мен Шығыс Азия, Таяу Шығыс пен Шығыс Азия, Еуропа мен Оңтүстік-Шығыс Азия арасындағы халықаралық сауданың өсуі күтілетіндіктен, логистикалық мүмкіндіктерді әртараптандыру жүк айналымының бір бөлігін құрлық бағыттарына бағыттауы мүмкін.
Жүк көлемінің жылдам өсуімен байланысты құрлықтағы маршруттар арасында Орта дәліз Орталық Азия үшін маңызды рөл атқарады. Дүниежүзілік банктің болжамы бойынша 2030 жылға қарай орта дәліз бойынша жыл сайынғы тасымалдау көлемі үш есеге артып, Орталық Азия мен Кавказдың экономикалық өсуі есебінен 11 миллион тоннаға жетуі мүмкін. Соңғы 10 жылда Қазақстанда жүк тасымалдау көлемі де 28%-ға өсті, яғни 2014 жылғы 487 миллиард тонна-километрден 2023 жылы 621 миллиард тонна-километрге дейін жетті.
Қазақстан Орта дәліздің және Солтүстік-Оңтүстік дәлізінің негізгі хабы ретінде өзінің көлік мүмкіндіктерін дамытуға айтарлықтай күш салуда. Мәселен, соңғы 15 жылда Қазақстан көлік пен логистикаға 35 миллиард доллар инвестициялады. Қазақстанның ЖІӨ-дегі көлік пен логистиканың үлесі 2025 жылға қарай 9% дейін өседі деп болжануда.
Бүгінгі таңда Қазақстанда жүк тасымалдаудың негізгі түрі – темір жолдар, одан кейін автожолдар мен құбырлар саналады. Соңғы жылдары т/ж жүк тасымалының көлемі айтарлықтай өсіп, 2023 жылы 327 млрд т-км-ге жетті. Оның көлемі 2020 жылы Covid-19 пандемиясы кезінде де өсе берді.
Қазақстандағы автокөлікке жүк тасымалының едәуір үлесі кіреді, 2022 жылы жүк тасымалының пайыздық шамасы 24% болса, жолаушылар тасымалының үлесі 90%-дан асты.
Теңіз көлігімен жүк тасымалдау көлемі төмендеп келеді, теңіз тасымалының көлемі 2011 жылы шарықтау шегіне жеткен болатын, сол көрсеткіштен әлі аса алмады. Мұндай кері көрсеткіш Каспий теңізі порттары арқылы мұнай экспортының көлемін басқа көлік түрлерімен алмастыруға байланысты орын алды.
Қазақстанның авиация саласы пандемия салдарынан туындаған үш жылдық құлдыраудан кейін өз қалпына қайтып келеді. 2022 жылы Қазақстанның әуе кеңістігі арқылы шетелдік компаниялардың қызмет көрсеткен ұшуларының саны 2021 жылмен салыстырғанда 2,5 есеге өсті де 2023 жылы транзит және ұшып-қону саны 308 мыңнан асты.
Өсіп келе жатқан жүк ағынының қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін инфрақұрылымның өткізу қабілетін кеңейту, маркетингтік күш-жігер және қосымша халықаралық келісімдер қажет. Еуропа қайта құру және даму банкінің бағалауы бойынша Орталық Азияның көлік инфрақұрылымын едәуір жақсарту және орнықты байланыстарды қамтамасыз ету үшін қажетті инвестициялардың жалпы көлемі 33 инфрақұрылымдық жобаны дамытуды қоса алғанда, 18,5 млрд еуроны құрайды. Қазақстан үшін құны 5,5 млрд еуро болатын 13 жоба анықталды.
Қазіргі уақытта 66 көлік-логистикалық компания АХҚО қатысушылары болып жұмыс істеуде, сондай-ақ орта дәлізді дамытуға тартылған бірлескен кәсіпорындар ашылды:
— Caspian Integrated Maritime Solutios Ltd, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мен Abu Dhabi Рorts Group бірлескен кәсіпорны, аталған компаниялар транскаспий мұнай тасымалдарын ұлғайту үшін мұнай танкерлерін сатып алған.
— KPMC Ltd., Қазақстанның көлік-логистикалық секторы үшін ақпараттық технологиялар саласында қызметтер көрсету мақсатында «ҚТЖ ҰК» АҚ және PSA International (Сингапур) құрған бірлескен кәсіпорын.
— Middle Corridor Multimodal Ltd., «ҚТЖ ҰК» АҚ-ның «Әзірбайжан темір жолдары» ЖАҚ-мен және «Грузин темір жолы» АҚ-мен бірлескен кәсіпорны Транскаспий халықаралық көлік маршрутында мультимодальды және көліктік-логистикалық қызметтер саласындағы үйлестірілген саясатты қамтамасыз ету және іске асыру үшін құрылған.
АХҚО алаңында орта дәліз жобаларын дамытудың артықшылығы мәмілелерді құрылымдау және инвестициялық жобаларды қаржыландыру жеңілдігі, қатысушылардың тәуелсіз сот жүйесін таңдау мүмкіндігі, сондай-ақ халықаралық стандарттар негізінде реттеу cаналады.
Алайда, елдің көлік саласының барлық қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін тек инвестициялар мен мәмілелерді құрылымдаудың реттелген тетігі ғана емес, сонымен қатар тариф белгілеуді жетілдіру, процестерді цифрландыру, мемлекеттік әрі жеке әріптестік және белсенді халықаралық ынтымақтастық қажет.
Есеп АХҚО Салалық талдау департаментінің мамандары тарапынан Қазақстанның көлік-логистика саласына шолу және зерттеу, оның әлеуетін бағалау, сондай-ақ жеке секторды, мемлекеттік органдарды және жалпы жұртшылықты саланың жай-күйі, трендтері мен құрылымы туралы хабардар ету мақсатында дайындалды.