Шымкенттің «Ордабасы» футбол клубына сатып алушы табылмады: 2026 жылғы 28 мамырға жоспарланған сауда-саттық өтпей қалды.

«Сауда басталған сәтте веб-порталда қатысушылардан қабылданған өтінімдер болған жоқ», — делінген электронды сауда сайтында.

Клуб 224 160 507 теңгеге бағаланған, актив дәл осы бағамен әлеуетті сатып алушыларға ұсынылды. Сатып алушы ретінде құрылыс саласындағы Integra Construction KZ компаниясының бенефициары Шахмұрат Мүтәліп қарастырылған. 2026 жылдың ақпанында оның компаниясы Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбековпен клубты жекешелендіру туралы меморандумға қол қойған болатын.

Болашақ иесіне қойылған шарттарға сәйкес, сатып алушы 10 жыл бойы клубтың спорттық қызмет бағытын және қызметкерлердің кемінде үштен екісін сақтауға міндетті. Сонымен қатар өз инвестициясы есебінен шетелдік спортшылар мен мамандарды тартуы, «Ордабасының» Қазақстан футбол федерациясы жарыстарына Шымкент қаласының атынан қатысуын қамтамасыз етуі, сондай-ақ балалар және әйелдер футболын дамытуы қажет.