Ордабасы футбол клубы 156,9 млн теңгеге сатылды

Ордабасы футбол клубы 156,9 млн теңгеге сатылды

Шымкенттің «Ордабасы» футбол клубы 156,9 млн теңгеге e-qazyna порталы арқылы сатылды. Бұл клубтың 224,1 млн теңге көлеміндегі бағалау құнынан шамамен 30% төмен.

Клубты сату бойынша аукцион 16 маусымда өтті. Саудаға тек бір ғана қатысушы өтінім бергендіктен, актив соған сатылды. Соңғы сату бағасы 156 913 355 теңгені құрады, бұл бастапқы бағадан небәрі 1 мың теңгеге жоғары.

Аукционға қатысу үшін 33,6 млн теңге кепілдік жарна төлеу талап етілді. Сауда бағаны көтеру форматында ұйымдастырылғанымен, бір ғана өтінім түскен.

Нысанды сатушы – Шымкент қаласы Қаржы басқармасы, ал клубтың иесі – Шымкент қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы.

Айта кетейік, бұған дейін клуб 2026 жылғы 28 мамырда 224,1 млн теңге бастапқы бағамен сатылымға шығарылған болатын. Алайда қатысушылар болмағандықтан, аукцион өтпей қалды. Кейін қайта жарияланған саудада бастапқы баға 30% төмендетіліп, 156,9 млн теңге болып белгіленді.

Еске салсақ, 2026 жылдың ақпанында Шымкент қаласының әкімдігі мен «Integra Construction KZ» ЖШС «Ордабасы» футбол клубын жекешелендіру туралы меморандумға қол қойған еді. Компанияның бенефициарлық иесі – кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліп.