BNK Financial Group Inc. Корея компаниясының құрылымына кіретін BNK Finance Kazakhstan микроқаржы ұйымы екінші деңгейдегі банкке айналдыруға рұқсат алды.
Салтанатты тапсыру рәсімі Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымованың қатысуымен Корея Республикасының Президенті Юн Сок Ёльдің Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапары шеңберінде ұйымдастырылған Қазақстан-Корея бизнес-форумы аясында өтті.
Шетелдік банктің ашылуы Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың өткен жылғы қыркүйекте Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауы барысында айтқан тапсырмасына сәйкес келеді.
BNK Financial Group Inc. – активтері $129 млрд және «ААА» ұлттық рейтингі бар Оңтүстік Кореяның аса ірі қаржы тобы. Топ құрылымында 300-ден астам филиалы және «А2» халықаралық рейтингісімен 2 банк бар.
2021 жылы BNK МҚҰ микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға лицензия алды.
Бүгінгі күні BNK МҚҰ микроқаржы ұйымдары секторындағы активтер мөлшері бойынша 13-ші орында, 2021 жылдан бастап ХҚЕС активтері 5 есеге ұлғайып, 20,3 млрд теңгені құрады. Кредиттік портфель 6 есеге ұлғайып, 18,8 млрд теңгеге жетті.
Агенттік BNK МҚҰ-дан келіп түскен өтініш пен құжаттар топтамасының негізінде Басқарманың 2024 жылғы 7 маусымдағы № 26 қаулысымен екінші деңгейдегі банкке айырбастау нысанында BNK МҚҰ-ны ерікті түрде қайта ұйымдастыруға рұқсат берді.