2025 жылдың 1 қазанына қарай республикалық бюджеттен өңірлерге 1,19 трлн теңге бағытталды (1 қыркүйекте – 1,056 трлн теңге). Нақты игеру көлемі 1,2 трлн теңгеге жетіп, бөлінген қаражаттың 100,9%-ын құрады. Бұл өңірлердің жыл соңына дейін қаражатты толық игеруге ұмтылып жатқанын көрсетеді.

Мақсатты трансферттердің бағыттары бойынша жағдай келесідей: даму бағдарламалары – 773,1 млрд теңге (барлық трансферттердің 64,6%-ы), ағымдағы бағдарламалар – 347,4 млрд теңге (29%), несиелер – 75 млрд теңге (6,3%). Негізгі басымдық даму бағдарламаларына берілгенімен, шығыстардың едәуір бөлігі әлі қаржыландырылмаған.

Өңірлік бөліністе республикалық бюджеттен ең көп қаржы бөлінген үш өңір: Астана қаласы – 315,5 млрд теңге (барлық трансферттердің 26,4%-ы), Түркістан облысы – 109,8 млрд теңге (9,2%), Алматы облысы – 76,8 млрд теңге (6,4%). Осылайша, үш өңір жалпы мақсатты трансферттердің шамамен 45%-ын игеріп отыр, ал Астана айтарлықтай алда келеді.

Өңірлер бойынша орташа игеру көрсеткіші – 99,5%, бұл алдыңғы айлармен салыстырғанда жоғары. Алайда жылдық жоспардың тек 56,4%-ы ғана орындалған, яғни қаражаттың 40%-тан астамы өңірлерге әлі жетпеген. Бұл жағдай жыл соңында дәстүрлі «қараша-желтоқсан қарбаласын» туғызады: қаражаттың үлкен көлемі жылдың соңғы айларында түскенде, өңірлер жедел сатып алу мен игеру науқанына көшеді.

Осындай көрініс 2024 жылы да байқалған. 1 қазанға дейін мақсатты трансферттердің тек 49,5%-ы ғана бөлінген, 1 қарашада – 56,4%, ал 1 желтоқсанда – 79,6% болған. Яғни қаражаттың шамамен үштен бірі өңірлерге жылдың соңғы айында түскен.

Мұндай теңсіз кассалық орындау үрдісі тұрақты сипат алып, мемлекеттік инвестициялардың сапасын және жоспарлау тиімділігін төмендетіп отыр.

Жоғары игеру көрсеткіштері басқарушылық тәртіпті көрсеткенімен, қаржының жыл соңына қарай шоғырлануы бюджет саясатының тиімділігін әлсіретеді. Трансферттердің 40%-тан астамы жылдың соңғы айларында өңірлерге түссе, мемлекеттік инвестициялар даму құралы емес, жай ғана «игеру» тетігіне айналады.

Бюджет қаражатын тиімді пайдалану үшін тек игеру көрсеткіші емес, жыл бойы теңдей бөлінуі маңызды. Бұл өңірлерге жобаларды алдын ала жоспарлауға, маусымдық авралдан сақтануға және мемлекеттік қаржының нақты қайтарымын арттыруға мүмкіндік береді.