2022 жылғы қаңтар-шілдеде өңдеу өнеркәсібінің негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 720,8 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ақшалай түрде 13,9% аз (ФКИ барлығы 81,6%), деп хабарлайды energyprom.kz.
Бір жылда өңдеу өнеркәсібіне салынған инвестиция жалпы өнеркәсіпке салынған қаражаттың 25,1%-нан 20,6%-ға төмендеді.
Өңірлер бойынша инвестицияның ең көп көлемі Қарағанды облысына тиесілі болды: 138,2 млрд теңге, дегенмен бұған жаңадан құрылған Ұлытау облысы көрсеткішін (44 млрд теңге) қосса да өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткішке (193 млрд теңге) жетпейді. Бұл қаражат жеткіліксіз екені анық. Атап айтқанда, ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорындарында өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін атап өтті. Премьер-министрдің айтуынша, келеңсіз салдарлардың туындауының негізгі себептерінің бірі – технологиялық процестерді жаңғыртуға, оның ішінде ескірген және тозығы жеткен жабдықтарды жаңартуға инвестицияның жеткіліксіз бөлінуі.
«Жабдықтардың тозуы өте жоғары, жаңғыртуға жұмсалған инвестиция деңгейі басқа кәсіпорындармен салыстырғанда 2-3 есе төмен. Мұны түзету керек. Инвестициялар көлемін бірте-бірте ұлғайтып, ең алдымен қызметкерлеріңіздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет», – деген үкімет басшысының сөзін келтіредіprimeminister.kz сайты.
Ескерту: ҚР Президентімен кездесіп, әлеуметтік және басқа да міндеттемелерді орындауды талап еткеннен кейін Лакшми Миттал жақын арада ArcelorMittal қазақстандық бөлімшенің өндірістік қуаттарын тұрақты дамытуға, қоршаған ортаны қорғау, өнеркәсіптік қауіпсіздік және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы ірі жобаларды жүзеге асыруға 1 млрд АҚШ долларын инвестициялауға уәде берді. Дегенмен, бұған дейін де талай уаде берілген. Өткен жылдың күзінде kapital.kz хабарлағандай, AMT бас директоры Биджу Наир өндіріске 3 млрд АҚШ долларынан астам инвестиция салуды жоспарлап отырғанын хабарлады. Дегенмен, биылғы жылы АМТ қауіпсіздігі мен экологиялық тазалығына қатысты жағымды өзгеріс жоқ.
Өңдеу өнеркәсібіне күрделі салымдардың айтарлықтай көлемі Павлодар (91,6 млрд теңге), Ақмола (88,1 млрд теңге) және Жамбыл (57,9 млрд теңге) облыстарына түсті.
Өңдеу өнеркәсібінің салалық құрылымында 2022 жылғы қаңтар-шілдеде инвестицияның ең көп көлемі металлургия өнеркәсібіне құйылды: 320,6 млрд теңге, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,6% өсті.
Одан кейін азық-түлік өндірісі (93 млрд теңге), химия өнеркәсібі (82,6 млрд теңге), сондай-ақ металл емес минералды өнімдер өндірісі (80,5 млрд теңге) тұр.
2022 жылғы қаңтар-шілдеде өңдеу өнеркәсібіндегі негізгі капиталға инвестиция көлемінің 76,3%-ы кәсіпорындардың меншікті қаражаты есебінен қамтамасыз етілді: 549,8 млрд теңге, 2021 жылғы қаңтар-шілдемен салыстырғанда 12,7% артық.
Тағы 86,3 млрд теңге банктік емес қарыз (-70%) , 72 млрд теңге банктік несиелер (+30,6%) болды. Жергілікті бюджеттен тағы 12,7 млрд теңге (101,4%) инвестицияланды.