2022 жылғы желтоқсанда Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мен ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі арасында мерзімді әскери қызметке шақырылған қарыз алушылардың банктік қарыздары мен микрокредиттері бойынша төлемдерді кейінге қалдыруды көздейтін Өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Меморандумды іске асыру үшін Агенттік Банктік қарыздар және (немесе) микрокредиттер бойынша төлемдерді кейінге қалдыру мәселелері бойынша іс-қимыл алгоритмін әзірледі. Кейінге қалдыру әскерге шақырылушыларға және әскери қызметшілерге банктік қарыздың және (немесе) микрокредиттің негізгі борышы және (немесе) сыйақысы бойынша мерзімді әскери қызмет өткеру кезеңіне беріледі.
Алгоритмде төмендегідей іс-қимыл тәртібі көзделеді:
1. Қорғаныс министрлігі Агенттікке дербес деректерді және кредитордың атауын көрсете отырып, қарыздары бар мерзімді әскери қызмет өткеретін әскерге шақырылушылар мен әскери қызметшілердің тізімін ұсынады;
2. Агенттік кредиторлардың (екінші деңгейдегі банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар, коллекторлық агенттіктер) атына Қорғаныс министрлігінен алынған мерзімді әскери қызмет өткеретін және банктік қарыздары және (немесе) микрокредиттері бар әскерге шақырылушылар мен әскери қызметшілердің тізімдерін жібереді;
3. Кредиторлар шұғыл түрде төлем мерзімін кейінге қалдыруды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген берешекті өндіріп алудың барлық нысанын тоқтата тұруды жүзеге асырады.
Банктік қарыздар мен микрокредиттер бойынша төлемдерді кредиторлар «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 36-бабына және «Микроқаржылық қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 9-2-бабына сәйкес банктік қарыз және (немесе) микрокредит шартына қосымша келісімге қол қоймай кейінге қалдырады.
Қарыз алушы өтінішті кредиторға электрондық пошта, «банк-клиент» онлайн-жүйесі, интернет-ресурс, мобильдік қосымша, басқа да байланыс құралдары арқылы не кредитордың кеңсесіне бару арқылы өзі жіберуге құқылы.
Өтінішке әскери қызметшінің әскерге шақыру немесе мерзімді әскери қызмет өткеру фактісін растайтын анықтама қоса берілуі қажет.
Әскерге шақырылушыларға немесе әскери қызметшілерге қарыздар бойынша кейінге қалдыру мүмкіндігі кредиторға ЖЕКЕ өзі жүгінген кезде немесе Қорғаныс министрлігінің тізіміне сәйкес беріледі. Бұл ретте қарыз алушының Агенттікке өтініш жіберуі талап етілмейді.
Кредиторға өз бетінше жүгінген кезде өтінішті қарыз алушының өзі немесе сенімхат бойынша оның өкілі беретініне назар аударамыз.
Негізгі борыш және (немесе) сыйақы бойынша банктік қарыздар және (немесе) микрокредиттер бойынша төлемдерді кейінге қалдыру кезеңінде кредитор:
1) банктік қарыз және (немесе) микрокредит шарттарынан құқықтық қатынастар негізінде туындаған берешекті өндіріп алу үшін сот талап-арыздарын беру, атқарушылық жазба жасау үшін нотариусқа жүгінуді;
2) қарыз алушының (қоса қарыз алушының, кепілгердің, кепіл берушінің) міндеттемелері бойынша банктің (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның) балансына қабылданған баспананы өткізуді;
3) қарыз алушының (қоса қарыз алушының, кепілгердің, кепіл берушінің) отбасын, оның ішінде банктің (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның) балансындағы баспанадан шығаруды тоқтата тұратынын атап өтемін.
Сот актілері шығарылған қарыздар және (немесе) микрокредиттер бойынша кредитор берешекті өндіріп алудың барлық түрлерін тоқтата тұрады.
Кредитор төлем мерзімін кейінге қалдыруға рұқсат беруден бас тартқан жағдайда, әскерге шақырылушы немесе әскери қызметші Агенттікке мына тәсілдермен ресми түрде жүгінуге құқылы:
- Қазақстан Республикасының электрондық үкімет порталы (https://egov.kz/cms/ru) арқылы, «Электрондық өтініштер» сервисінде «Онлайн қызметке тапсырыс беру» дегенді таңдап, растайтын құжаттарды қоса бере отырып, өтініш мәтінін толтыру;
- eOtinish электрондық сервисінің (https://eotinish.kz/) көмегімен. Өтініш беру eGov қосымшасы арқылы жүзеге асырылады, «Өтініш беру» сервисінде «Өтініш» дегенді таңдап, өтініш мәтінін толтыру қажет;
- Агенттіктің мына мекенжайына жазбаша нысанда: А15С9Т5, Алматы қ., Көктем-3 ш/а, 21-үй;
- Агенттіктің өңірлік өкілдер басқармасына, олардың мекенжайларын Агенттіктің сайтынан табуға болады.
Қосымша консультация алу үшін әскерге шақырылушы немесе әскери қызметші Агенттікке мыналар арқылы жүгінуге болады:
- «1459» нөмірі бойынша call-орталыққа;
- fingramota online мобильді қосымшасы.